Lifestyle

Саяхат күнделігі және жолжазбаны не үшін жүргізу керек

Саяхат күнделігі не үшін керек / Фото: shutterstock

Саяхат үнемі түрлі естелікке толы болады. Тап болған жағдайларыңыз, сезінген сезімдеріңіз, ойларыңыз — уақыт өте келе ұмытылып кетуі мүмкін. Дәл сол кезде маңызды көрінген дүниелердің де естен шығып кетуі ғажап емес. Аядай ғана кафеде ішкен кофенің дәмі, күн батуға таяған кездегі аспанның ғажап көрінісі, бейтаныс біреумен айтылған әңгіме — бәрі-бәрі санадан кетпегені абзал. Сондықтан саяхатқа жиі шығатын жандарға күнделік жүргізген дұрыс. Бұл жай жолжазба емес, кейін анализ жасауға, басқаларға шабыт беруге көмектесетін керемет құрал бола алады. Олай болса, күнделікті қалай қызық, жүйелі әрі әсерлі жүргізуге болатыны туралы айтайық.

1. Саяхат күнделігін жүргізгеннің пайдасы

Бастамас бұрын ең алдымен не үшін керек екенін ойланыңыз. Сонда жақсырақ жүргізесіз.

  • Естелік болып қалады. Эмоциялар мен әсерлерді жеке мұрағат қылып сақтап қалуға көмектеседі. Кейін біраз уақыт өткеннен кейін ашып, оқығанда сол сәтке қайта оралғандай боласыз.
  • Талдау жасауға көмектеседі. Саяхат адамның санасын өсіреді, таным көкжиегін кеңейтеді. Ал жолжазбаларды қайта парақтап шыққанда не түйгеніңізді, не үйренгеніңізді саралайсыз.
  • Шығармашылықты шыңдайды. Жазу өнері адамға туабітті ғана беріледі деп ойламаңыз. Көп жазған сайын машықтанасыз. Сол үшін күнделік жүргізуді әдетке айналдырған жақсы.
  • Блогыңызға не кітабыңызға материал болады. Аудиторияңызға саяхаттан алған әсеріңіз не лайфхактар туралы айтатындардың қатарынан болсаңыз, күнделік —дайын жазба.

2. Күнделіктің форматы қандай болғаны дұрыс?

Форматын әркім қалауына қарай таңдай алады. Бастысы, өзіңізге ұнаса, қайта-қайта жазғыңыз келіп тұратындай қызық болса болғаны.

  • Қойындәптерге жазуға болады. Арнайы әдемі қойындәптер таңдап алып, бастап кетуге шабыт алуға болады. Ішіне жазып қана қоймай, сурет, гүл, жапырақ, билеттердің қиындысын жапсырып қоя аласыз. Сонда арт-нысан болып шыға келеді. Керемет емес пе?
  • Дижитал күнделік жүргізіңіз. Google Docs-тан құжат ашып қойсаңыз болады. Болмаса, телефондағы ескертпелер немесе Day One сияқты арнайы қолданбаларды пайдалана аласыз. Қойындәптер көтеріп жүргіңіз келмесе, көбіне жолда жүретін болсаңыз, осы формат ыңғайлырақ.
  • Фото-күнделік. Галереяңыздағы суреттердің астына пікір қалдырып қойыңыз. Болмаса, клаудқа немесе бөлек бумаға салып, сақтаса болады.
  • Дыбыс жазба жазыңыз. Аудиоескертпе форматын көріңіз. Жазуға қол тимей жатқанда, эмоцияны есте сақтап қалғыңыз келсе — әдемі тәсіл.

Бәрінен де қолайлысы — осы форматтарды біріктіру. Кейде телефонға жазып аласыз, кейде қолыңызға қалам аласыз. Енді бірде жай ғана түсірген суреттің астына пікір жазасыз.

3. Нақты не жазып жүруге болады?

Көбі қызығып бастағанымен, уақыт өте келе тастап кетіп жатады. Өйткені тағы не жазарын білмейді де, сол күйі тоқтатып қояды. Олай болмас үшін мынадай идеялар ұсына аламыз:

  • Локация мен күнді жазып қойыңыз. Қай жерде жүрсіз, бүгін нешесі, ауа райы қалай, айналадан қызық не көрдіңіз — жазыңыз.
  • Күніңіз қалай өткенін жазсаңыз болады. Азанда тұрғаннан бастап не істегеніңізді тізудің керегі жоқ. Хронологиясыз, жай ғана қысқа-нұсқа не қызық болады, не нәреге таңғалдыңыз, неден шабыт алдыңыз — соны тізіңіз.
  • Эмоцияларды жазыңыз. Айталық, Римге бардыңыз. Ескі қаланы көргендегі әсеріңіз қандай болды? Жаңа тамақ жеп көрсеңіз, дәмі қалай болғанын сипаттаңыз.
  • Адамдармен әңгіме жайлы түртіп қойыңыз. Кімдермен сөйлестіңіз? Қандай оқиға естідіңіз? Есте қалған ерекше диалог болса, соны жазып қойыңыз.
  • Локацияларды тізіңіз. Қай жерлерге бардыңыз? Ол жердегі дыбыстар, иістер, детальдар — бәрін тізе беруге болады.
  • Тың нәрселерді жазып қойыңыз. Не үйрендіңіз? Бүгіндікке қандай ой түйдіңіз?

Қосымша мына нәрселерді де жазуға болады:

  • Кітаптан оқыған, фильмнен көрген не біреулермен әңгіме кезінде айтылған цитаталарды түртіп жүріңіз.
  • Жаңа жерге барарда қалай деп елестеткеніңізді және шынында қалай болып шыққанын жазып қойған жақсы.  Мысалы Эйфель мұнарасы шынымен маст-визит жер ме екен, әлде жай ғана темір ме? Өз ойыңыз маңызды.
  • Әр нәрсеге берген бағаңызды жазып кетіңіз. Не ұнады, не нәрсені өзгерту керек деп ойлайсыз.
  • «Келесіде ескеру керек» дейтін кеңестер легін тізіп жүріңіз.

4. Қалай қызық қылып жазуға болады?

Егер өзіңіз ғана оқитын жеке күнделігіңіз болса, онда ерік өзіңізде: қалай жазғыңыз келсе, солай жаза беріңіз. Ал енді ол жазбаларды кейін блогыңызға пайдаланып, жазба қылып жариялайтын ойыңыз болса, онда оқырман туралы да ойлауыңыз керек:

  • Ақылгөйсудің қажеті шамалы. Ең абзалы — бәрін қалай бар болса, солай қарапайым жеткізіңіз. Досыңызға әңгімелеп отырғандай қылып жазыңыз.
  • Оқырман көре алатындай сипаттап жазыңыз. «Күшті қыдырдық» дегеннен гөрі «құмы майда, күн батқанда теңіз бен аспан астасып, айнала ғажап түске боялады, жағажайдан тұзды бір иіс шығып тұрады» дегендей сипаттайтын сөздер болғаны дұрыс.
  • Образдар қолданыңыз. Мәтін әсерлі шығуы үшін салыстырып көрсеткен ұтымдырақ.
  • Мінсіз болуға міндетті емессіз. Осыны ұмытпаңыз. Кей күткеніңіз ойдағыдай болмайды, ауырып қалуыңыз мүмкін, шаршайсыз, көңіл-күйіңіз болмайды — мұның бәрі қалыпты. Шынайы жазған сайын оқырманға жақындай түсесіз.

5. Күнделік жазуды қалай әдетке айналдырамыз?

Тіпті жолда бара жатып та күнделікке түйген ойыңызды жазуға уақыт табуға болады. Көп емес, 10-15 минут бөлсеңіз де жетіп жатыр. Бастап алып тастап кетпес үшін мына кеңестерді назарда ұстаңыз:

  • Арнайы бір уақыт бөліңіз. Мысалы таңертең ерте кофе ішіп отырып жазатын әдет қалыптастырыңыз. Біреуге жатарда ой жинақтаған оңай болады.
  • Шабыт келсін деп күтіп отырмаңыз. Олай етсеңіз, бастай алмай қиналасыз. Жазыңыз, әрмен қарай қалам өзі-ақ іліп әкетеді.
  • Қысқа жазба болса да, күнде жазып отырыңыз. 2 ауыз сөйлем болса да жазба болып саналады. Кейінге қалдыра бермеңіз.
  • Шимайлап үйреніңіз. Бірінші телефонға ескертпе қылып қысқаша жазып алыңыз да, кейін қойындәптерге жүйелі, әдемі қылып жаза бересіз.
  • Өзіңізге баға бермеңіз. Мұғалім сабақ соңында баға қоятындай шығарма жазып отырған жоқсыз. Олай өзіңізді қинамаңыз.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін асықпай демалуды үйрететін Slow travel концепциясы туралы жазған едік.