Шымкентте құрылысшылар жалақысын ала алмай жүр

Шымкенттегі «Отау Строй» құрылыс компаниясы салып жатқан «Мұқағали» тұрғын үй кешенінің бір бөлігінің іргетасын қалаған жұмыскерлер жалақыларын ала алмай жүр. Айтуларынша, 2024 жылдың қараша айынан 2025 жылдың қаңтар айына дейін істеген жұмыстың еңбекақысын әлі күнге алмаған. Құрылыс компаниясы жұмысшылардың шағымымен таныс. Бірақ компания мәселе бізде емес, мердігер компанияларда деп түсіндіреді.
Бүгін «Отау Строй» құрылыс компаниясынан еңбекақымызды ала алмай жүрміз деген оннан аса құрылысшы компания әкімшілігіне барды. «Олар қаңтар айынан бері 2 айлық еңбекақымызды ала алмай сандалып жүрміз», – дейді.
Жұмысшылардың бірі Нұржан Ағайдаровтың сөзінше, 6-7 айдан бері еңбекақысын алмаған. Жұмысшылар көпқабатты тұрғын үйдің іргетасын құйған. Жалпы жұмыстың ақысы – 31 миллион теңге деп бағаланған. 11 миллион теңгені жұмыс істеген компанияға аударған. Қалған 20 миллион теңгені өзге кәсіпкердің шотына аударып жіберген.
Бұған дейін жұмысшылар компания мен кәсіпкердің еңбекақыны қайтарамыз деген сөзіне сеніп келген.
«5 бала-шағам бар, кредитім бар. Күнделікті азық-түлік бар. Бәрімізге ақша керек. Сол үшін күнде ақымызды сұрап, қақсап келе жатырмыз. Бірақ нәтиже жоқ», – дейді жұмысшылардың бірі Дархан Түзелов.
Құрылысшылар «Ислам» жеке кәсіпорнымен жұмыс істеген. Кәсіпорын «Отау строй» құрылыс компаниясымен келісімшартқа тұрып, 2024 жылдың қараша айынан 2025 жылдың қаңтар айына дейін жұмыс істеген. Кәсіпорын директоры мәселе «Мұқағали» тұрғын үй кешенінің екінші блогының іргетасын құю кезінде басталғанын айтады.
«Бірінші блокты бітіріп, екінші блокты істеген кезде біздің ақымызды өзге жеке кәсіпкерге аударып жіберген. Одан мен бейхабар болдым. Келісімшартты әне-міне шығарамыз деп уақытты соза берді. Бізді алдап соққанын кеш білдік. Мәселе осы жерден шықты», – дейді жеке кәсіпкер Сәбит Түзелов.
Оның сөзінше, компания бас-аяғы 21 млн теңге берешегі бар болғанымен, еңбекақысын қайта есептеп 17 млн теңге деп шығарған. Кәсіпкер соның өзіне көнгенін айтады.
Компания әкімшілігі құрылысшылардың өтелмеген еңбекақысы бар екенін, оның өзге кәсіпкердің шотына аударылғанын растады. Компания 2 күнде жұмысшылардың еңбекақысын мердігер компаниядан алып береміз деп уәде берді.
«Біз жағдайды бақылауға алдық. Мердігер компанияға жасаған жұмысы үшін ақша аударып, сол ақшаны жұмысшыларға беретіні жөнінде қолхат аламыз. Мердігер компания осымен келісіп тұр. Жұмысшылар жалақысын толық алғанша, олармен байланыста боламыз», – деді «ОтауСтрой» компаниясының өкілі Евгении Рачицкий.
Жұмысшылар жалақысы уәде еткен уақытта берілмесе, прокуратураға шағым түсіретіндерін айтып тарады.