Жаңалықтар

Түркістанда 4 млрд теңгені жымқырған жетісайлық 46 есепшіге үкім шықты

Жетісайлық 46 есепшіге үкім шықты/фото: shutterstock

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жетісай аудандық білім бөлімінің 46 қызметкеріне қатысты үкім шығады. Олар мемлекеттің 4 млрд теңгеден аса ақшасын жымқырды деген күдікке ілінген. Үкімді оқу үш жарым сағатқа созылды.

Сот спорт залында оқылған үкім

Іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Сот үкімін тыңдауға жүзден аса адам жиналған. Үкім облыстық соттың спорт залында оқылды.

Істе сотталушы ретінде облыстық білім басқармасына қарасты Жетісай аудандық білім бөлімінің 46 қызметкері жауап берді. Жәбірленуші ретінде аудандық білім бөлімі танылған.

Айыпталушылардың ішінде Жетісай аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы қызметін атқарған Тұрсынбай Мырзалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева, бөлімнің бас есепшісі мен 43 есепшісі бар. Айыпталушылардың бәрі Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабымен күдікке ілінген. Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Шүкірбаева тағы «Пара беру» бабымен, бас есепші «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен айып тағылған.

4 млрд теңге залалдың 800 млн теңгесі қайтқан

«Сотталушылар Жетісай аудандық білім бөлімінің басшылары мен 44 есепшісі іс жүзінде мектептерде жұмыс істемеген таныстары мен туыстарының банк шоттарына заңсыз жалақы аударған. Сөйтіп алдын ала сөз байласу арқылы бюджет қаражатын жымқырған. Сотталушылардың 2021-2023 жыл аралығында жасаған қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке 4 млрд теңгеден аса залал келтірген» делінген Түркістан облыстық сотының хабарламасында.

Прокурор жарыссөзде 40 айыпталушыны 7 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал қалған 6 айыпталушының бас бостандығын 2 жылдан 3 жылға дейін шектеуді сұраған.

Сотта Жетісай аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы мен іс қозғалған кездегі басшысы болған айыпталушылар тағылған айыпты мойындамаған. Қалған сотталушылар кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сот жеңілдететін мән-жай ретінде олардың отбасылық жағдайын, жас шамасын, кәмелет жасқа толмаған балалары бар екенін, келтірілген залалдың бір бөлігін өтегенін, айыпты мойындағанын, жүктілігі мен мүгедектігін және қылмыстық істі ашуға көмектескенін ескерген.

Тергеу кезінде білім бөліміне қарасты мектептерде жұмыс істеген 43 есепші 800 млн теңге залалды мемлекетке қайтарған.

Алқабилердің үкімімен Жетісай аудандық білім бөлімін басқарған Шүкірбаева 9 жылға, Мырзалиевті 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Шүкірбаева жазасын жас балалардың болуына байланысты 5 жылдан кейін өтейтін болды.

2 сотталушының іс-әрекеті қайта қаралып, «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабынан «Немқұрайлық» бабына ауыстырылған. Сот олардың бас бостандығын 1 жылға шектеді.

«Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабымен айыпталған 34 сотталушы 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың ішінде төртеуінің кәмелет жасқа толмаған балалары бар екені ескеріліп жазаны өтеу мерзімі 5 жылға шегерілді. 18-інің бас бостандығынан айыру жазасы Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты түрге ауысты. Ал 12 есепші түрмеге жабылды.

Қалған 8 сотталушының бас бостандығы 1 жылдан 3 жылға дейін шектелді.
Сотталушылардың мемлекетке келтірген залалын азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралатын болды.

Айта кетейік, сот істі 8 ай қарады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мұның алдында Алматы облысында 7 бухгалтерге сот үкімі шыққан болатын. Олар 700 млн теңгеге жуық қаражатты жымқырған.