
Алаяқтар скринингтен өтуге «шақыратын» болған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Алаяқтар медициналық ұйымдардың атынан қоңырау шалып, СМС арқылы келген кодты жазып, тексеруден өтетінін растауды сұрайды. Ешқандай мемлекеттік медициналық мекеме СМС код арқылы жазбаны растауды талап етпейді», – делінген ақпаратта.
Мұндай код цифрлық қызметтерге кіру немесе операцияларды растау үшін қолданылады және оларды басқа адамға мүлде беруге болмайды.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі егде жастағы азаматтарға кеңес беріп, қалай алаяқтың құрбанына айналмауға болатынын түсіндірді.