Жаңалықтар

Көкшетауда азаматтық некеде тұрғандар мүлікті бөлу үшін сотқа жүгінді

Азаматтық неке барысында алынған мүлік ортақ саналмайды/фото: shutterstock

Ақмола облысы сотында азаматтық некеде тұрған ер адам мен әйелдің арасындағы азаматтық дау қаралды. Екеуі 2019 жылы заңды некені бұзып, 2020 жылдан бастап неке қимай, 2023 жылға дейін бірге тұрған.

Бірге тұрған уақытта ер адам пәтер мен автокөлік сатып алып, оны өз атына ресімдеген.

Әйел сотқа жүгініп, мүлікті ортақ бірлескен меншік деп тану және мүлікті бөлу туралы талап қойды.

Алайда «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес, неке барысында алынған мүлік ортақ саналады.

Неке тек мемлекеттік органда қиылса ғана жасасқан деп танылады. Бірге тұру неке деп саналмайды. Ерлі-зайыптының құқықтары мен міндеттері неке мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды.

«Азаматтық некеде тұру, бала туу фактісі дәлел бола алмайды. Талап қоюшы пәтер мен автокөлікті бірлесіп сатып алуға ақша салғанына дәлелдер келтірмеді», – делінген сот шешімінде.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Жоғарғы сот неке бұзуға қатысты істерді қарау тәртібін реттейтін нормативтік қаулыға өзгерістер енгізді.