Жаңалықтар

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Магистратураға түсуге тестілеу басталды/фото: shutterstock

Елімізде магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды. Тестілеу 10 тамызға дейін жалғасады.

Айта кетейік, кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізілді. 

Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша – кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл.

Бейінді магистратураға түсуге ниетті түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл құрайды.

Апелляцияға беруге болады

Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляцияға беруге болады.

Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді.

Биыл магистратурада оқу үшін 13 мыңнан астам грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-18 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады.

Айта кетейік, Марокко Корольдігі 2025–2026 оқу жылына серіктес елдер үшін арнайы білім гранттарын ұсынып отыр. Ішінде Қазақстанда да бар.