
Елімізде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 465 150 теңге жалған ақша анықталды. Оның ішінде 93 банкнота және 3 монета бар.
Ұлттық банктің хабарлауынша, көбіне 5 000 теңгелік номинал қолдан жасалған. 85 дана банкнота жалпы тәркіленген ақшалардың 88,5%-ын құрады. Одан кейін 5 дана (5,2%) – 2 000 теңгелік номиналға, 3 дана (3,1%) – номиналы 10 000 теңгелік банкноталарға, қалған 3,2% – монеталарға тиесілі.
Ұлттық Банк шынайы банкноталарды қолдан жасалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді ұсынды.
Жалған банкноталар кәдімгі офсеттік қағазға түрлі түсті принтер арқылы және компьютерлік техниканың көмегімен жасалады. Микротекстер бұлыңғыр келеді және ұлғайтқан сайын анықтығын жоғалтады.
Патч элементінің көлемді бейнесі жоқ және кәдімгі бояумен басылған, күн белгісі сәулесінің жан-жаққа шашыраған голографиялық әсері мен номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері болмайды.
Қорғаныш жібі динамикалық және түсін өзгерте алатын әсерден ада, әрі жарыққа тосып қарағанда тұтастығы байқалмайды.