Айдын Рахымбаевтың компаниясы Аралда күн электр станциясын салып жатыр

Кәсіпкер Айдын Рахымбавпен байланысы бар Alhena компаниясы Арал қаласында күн электр станциясын салып жатыр. 2024 жылы компания 25 млн теңге шығынға ұшыраған. Бұл туралы AIX биржасында жарияланған қаржы есебінде жазылған. 2023 жылы да компания 11,5 млн теңге шығын көрген.
Компания 2021 жылдың қыркүйегінде тіркелген. Оның жалғыз иесі – BI Group компаниясына тиесілі General Contractors Group. Ал BI Group акциясының 66%-дан астамы Айдын Рақымбаевқа тиесілі. Forbes-тың 2025 жылғы дерегі бойынша, Рахымбаев Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 10-орында тұр. Оның байлығы – 967 миллион доллар.
Компания жарғысына сәйкес, Alhena күн, жылу және басқа да электр станциялары арқылы электр қуатын өндіру және оны жеткізумен айналысады.
Қаржы есебінде көрсетілгендей, Alhena жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электрмен қамту жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында компания 2024 жылы «ЖЭК-ті қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығымен» 20 жылдық келісімшартқа отырған.
Қазір компания Қызылорда облысының Арал қаласында күн электр станциясын салып жатыр. Электр қуаты 17,38 теңге/кВт⋅сағ бағасымен жеткізіледі. Құрылысты 2025 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. 2024 жылы жобаға 20 миллион теңге инвестиция салынған.
Сонымен қатар, Alhena General Contractors Group пен BIGlobal компанияларынан 346,5 миллион теңге көлемінде қаржыландыру алған. Бұл қаражат пайызсыз және қайтарымды қарыз ретінде 2025 жылдың соңына дейін берілген.