Қазақстаннан Германияға экспортталған мұнай көлемі бір жарым есе өсті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
мқнай экспорт
«ҚазТрансОйл» 6 айдағы өндірістік есебін жариялады / Фото: ҚМГ

2025 жылдың алты айында Қазақстаннан Германияға экспортталған мұнай көлемі 45%-ға артып, 926 мың тоннаны құрады. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» АҚ таратқан өндірістік есепте көрсетілген. Мұнай «Транснефть» компаниясының құбыр жүйесі арқылы жеткізілген.

Жалпы есепті кезеңде компанияның магистралды мұнай құбырлары жүйесі арқылы 22,3 млн тонна мұнай тасымалданған. Бұл өткен жылдың көрсеткішіне тең.

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарына 9 млн тоннаға жуық мұнай жеткізіліп, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға артқан. Атап айтқанда:

  • Атырау мұнай өңдеу зауытына 2,8 млн тонна
  • Павлодар зауытына 2,9 млн тонна
  • Шымкенттегі ПетроҚазақстан Ойл Продактс 3,05 млн тонна
  • CASPI BITUM-ға 260 мың тонна мұнай жеткізілген.

«Атырау — Самара» учаскесі арқылы тасымалданған мұнай көлемі 5,05 млн тоннаны құрап, 4%-ға өскен. Ал Қазақстан аумағындағы ТОН-2 мұнай құбыры арқылы 5,85 млн тонна мұнай өткізілген — бұл 1%-ға артық.

Ақтау теңіз порты арқылы танкерлерге 1,78 млн тонна мұнай құйылып, бұл көрсеткіш 5%-ға көбейген. Оның ішінде 785 мың тонна мұнай «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытымен экспортталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары.

Компанияның магистралды құбырлар жүйесіндегі мұнай жүк айналымы 17,5 млрд тонна-шақырымға жетіп, 2%-ға артты. Мұнай тасымалдау және тиеп-жөнелту бойынша жалпы көлем 23,1 млн тонна болды.

«Батуми мұнай терминалы» арқылы мұнай, мұнай өнімдері және газды тиеу көлемі 805 мың тоннаны құрады. Бұл былтырғыдан 15%-ға төмен. Бұған кейбір жөнелтілімдердің кейінге қалдырылуы себеп болған.

«Қазақстан–Қытай Құбыры» ЖШС арқылы 9,6 млн тонна мұнай тасымалданып, 5%-ға көбейді. Мұнай жүк айналымы да 4%-ға артып, 8,6 млрд тонна-шақырым болды.

«МұнайТас» құбыр компаниясы арқылы тасымал көлемі 6%-ға өсіп, 2,9 млн тоннаны құрады. Мұндағы жүк айналымы 11%-ға ұлғайып, 1,2 млрд тонна-шақырым болды.

Сондай-ақ «Магистральды су құбыры» ЖШС Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушыларына «Астрахань — Маңғышлақ» су құбыры арқылы 12,6 млн текше метр тұщы су жеткізген.

Бұл компания «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құрылымына кіреді. ҚМГ компанияның 90 пайыз акциясын иеленеді. Ал қалған 10%-ы миноритарлық акционерлерге тиесілі. Мамырда ҚТО ішкі нарыққа мұнай тасымалдау бағасы 89 пайызға өсетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз