
Соңғы апталарда Қазақстан футболында орын алған жанжалдар бұл қағиданың жиі бұзылатынын көрсетіп отыр. Әсіресе, келісілген матчтар мен төрешілердің күмәнді шешімдері ел футболының беделіне зор нұқсан келтіріп, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды.
Халықаралық спорт ұйымдарының мәліметіне сәйкес, Қазақстан келісілген матчтар саны бойынша әлем елдері арасында алғашқы бестікке кіреді.
Клубтарды жекешелендіріп, кінәлілерді жауапқа тарту керек
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспанның айтуынша, кәсіби футбол клубтарын жекеменшікке беру мәселесін қарастыру қажет. Сонымен қатар, келісілген матчтарға қатысқан адамдарды тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартатын уақыт келді.
«Шілде айында алғаш рет нақты шаралар қабылданды. Премьер-лига ойынынан кейін бірден бас төреші мен VAR өкілі маусым соңына дейін шеттетілді. Мұндай қатаң шешім Қазақстан футболында бұрын болмаған. Демек, мәселе мойындалып отыр. Ендігі міндет – жасырып-жабусыз, ашық түрде шешім қабылдау». -деді депутат
Құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалған сектор
Сондай-ақ депутаттың айтуынша, бүгінде құқық қорғау және қадағалау органдары көбіне мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік секторды бақылайды. Ал жеке коммерциялық құрылымдар, оның ішінде футбол клубтары, назардан тыс қалып отыр. Бұл – жүйелі олқылық. Қолданыстағы Қылмыстық кодексте бизнес өкілдеріне қатысты жауапкершілік қарастырылғанмен, іс жүзінде ол баптар қолданылмай келеді.
Келісілген матч – бұл тек жанкүйерді алдау ғана емес, сонымен қатар ірі көлемдегі қаржылық алаяқтықтың бір түрі. Соңғы алты жылда 18 кәсіби футбол клубына 200 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінген. Алайда нәтиже мардымсыз: Қазақстанның ұлттық құрамасы FIFA рейтингінде төменгі сатыда қалып келеді, деп жазды Құспан.
Осы орайда, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокуратураны бұл саладағы жүйелі заң бұзушылықтарға назар аударып, нақты шаралар қабылдауға шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қызылжар» футбол клубы футболшыларға екі ай бойы айлықты төлемей жатқаны туралы жазған едік.