Жаңалықтар

Энергетика министрлігі тамыздан бастап сұйытылған газдың бағасын көтереді

Фото: коллаж Kursiv Media

Энергетика министрлігі осы жылы тамыздан бастап сұйытылған газдың бағасын көтеруді жоспарлап отыр. Арнайы құжат «Ашық нормативтік құқықтық актілер» сайтында жарияланып, талқылауға ұсынды.

«Бұйрық жобасына сәйкес, сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы (автогаз құю станциялары үшін – ИФ-К) тоннасына 51 932 теңгеден 59 722 теңгеге дейін көтеріледі. Ал шекті бөлшек баға аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, 7-ден 10 теңгеге дейін өседі», – деп түсіндірді энергетика министрлігі.

Ведомствоның есебінше, республика бойынша ең төменгі газ бағасы Маңғыстауда болады (қазіргі баға 72 теңге, көтерілгеннен кейін 77 теңге). Ең жоғары баға (қазіргі 112 теңге, көтерілгеннен кейін 117 тг) Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жетісу, Ұлытау облыстарында тіркелді.

Министрлік өкілдері газ бағасын реттеу сұйытылған мұнай газы өндірісінің әлі де шығынмен жүргізіліп жатқанына байланысты екенін атап өтті. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері арасындағы ең төмен деңгейлердің бірі болып қалып отыр.

«Қазіргі таңда сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 70–80 мың теңге аралығында, ал өндіруші зауыттар үшін белгіленген шекті көтерме баға тоннасына 51 932 теңге», – деп жазылған бұйрық жобасына қатысты баспасөз хабарламасында.

Осыған байланысты зауыттарда жаңғырту мен жоспарлы жыл сайынғы жөндеу жұмысын жүргізуге қаражат жетіспеді. Шығынның көп болуы салдарынан сұйытылған газ өндіруге деген қызығушылық төмендеп, зауыттар табысы жоғары басқа өнім түрлерін өндіруге көше бастаған. Бұл ішкі нарықты газбен толық қамтамасыз етуге қауіп төндіреді.

Сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі артып келеді. 2022 жылы – 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы – 2,4 млн тоннаға жеткен. Сарапшылардың болжауынша, 2025 жылы ішкі нарықтағы тұтыну тағы 200 мың тоннаға өсіп, 2,6 млн тоннаға жетеді. Энергетика министрлігі бұл жағдайда газ тапшылығы 30–40% болуы мүмкін екенін айтады.

Құжат 23 шілдеге дейін қоғамдық талқылауда болады.

Еске салайық, Маңғыстауда сұйытылған табиғи газ және метанол өндіретін зауыттар салынбақ. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы сұйытылған табиғи газ зауыты. Кәсіпорын құрылысын канадалық «Condor Energies» компаниялар тобы қолға алады