
Қазақстандағы кен орындарының көпшілігі нақты дәлелденбеген, қағаз жүзінде ғана бар. Жер қойнауын геологиялық зерттеу үшін қаржы жеткілікті бөлінбейді. Бұл жайлы Жоғары аудиторлық палатаның зерттеуінде (ЖАП) жазылған.
«Расталған қорлардың азаюы себебінен экономикалық айналымға тартылмаған, тек алдын ала бағаланған, бірақ нақты дәлелденбеген «қағаз жүзіндегі» қорлардың үлесі жоғары. Қор өсімінің баяулау себептерінің бірі – жер қойнауын геологиялық зерттеуге қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Барлау құқығына лицензиялық жүйе енгізілгеніне қарамастан, жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялық белсенділігі төмен деңгейде қалып отыр».- деп жазылған ЖАП хабарламасында.
Аудиторлық палатаның дерегінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық ақпаратты цифрландыру, деректердің цифрлық банкін құру, қорларды жаңарту және жекеменшік сектордың белсенділігін арттыру жөніндегі міндеттерді орындамаған. Қажетті зертханалардың жеткіліксіздігі бағалы металдар мен шикізат экспортын бақылау сапасының төмендеуіне әкелген.
Геология комитетінің тарапынан бақылаудың болмауы және мердігердің шарттық міндеттемелерді тиісті орындамауы салдарынан геологиялық материалдарды цифрландыру бойынша орындалмаған жұмыстар үшін мемлекет есебінен 68,2 млн теңге төленген. Аудиторлар 81 рәсімдік бұзушылық пен 16 жүйелі кемшілікті анықтады.
Қазір жер қойнауын пайдалану елдің жалпы ішкі өнімінің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр. Елде хром, темір кені, қорғасын, мырыш, мыс, уран, алтын, күміс және басқа да пайдалы қазбалардың ірі қоры бар.
Осы жылы үкімет Қазақстан аумағынан мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдардан тұратын 38 перспективалы кен учаскесі анықталды деп хабарлаған еді. Бұл учаскелерде 19 тонна алтын, 2,6 млн тонна сирек жер металдары, 1,1 млрд тонна қоңыр көмір, 3,7 млн тонна мыс және никель ресурс жатыр деген болжам бар.