Украина Ресейден 7 млрд доллар өндіріп алғысы келеді

Украина халықаралық арбитражды сот арқылы Ресейден 7 млрд доллар өндіріп алғысы келеді. Бұл жайлы президент Владимир Зеленский өзінің телеграм-арнасында жазды.
Зеленский бұл мәселені «Нафтогаз Украина» басшысы Сергей Корецкиймен бірге талқылаған. Айтуынша, халықаралық арбитраждарда жалпы сомасы 6,9 млрд долларын құрайтын бірнеше оң шешім қабылданды.
«Бұл – Ресей мен «Газпромның» жауапкершілігін көрсететін, толықтай әділ шешім», – деп жазды ол. 21 шілдеде украиналық елшілерге қажетті тапсырмалар берілген.
Бұған дейін маусымда «Нафтогаз» Цюрихтегі халықаралық арбитраж шешімін орындау үшін «Газпромнан» 1,37 млрд долларын төлеуді талап еткен еді. Сондай-ақ бұл талапты ерікті түрде орындамаған жағдайда, активтерді мәжбүрлеп өндіріп алу процедурасын бастайтынын ескертті.
Ал 2024 жылы Киев Ресейден әскери әрекеттер нәтижесінде келген залалды өтеу үшін 1 трлн доллар талап еткен. Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль сөзінше, соғыстан кейін елді қалпына келтіру үшін 14 жыл және 1 трлн доллар қажет.