
Алматы қаласының «Таулы Қырат» кеңшарында құрылысы аяқталмаған екі үй сот шешімімен бұзылды. Бұл туралы Kursiv.Media-ға мегаполистің Қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.
Мекеме мәліметінше, жеке тұлға тау бөктеріне рұқсатсыз үй салған. Бұған қоса, жол салу үшін тау бөктерінің етегі кесіліп, экожүйеге залал келтірілген.
Басқарма жер учаскелерін бастапқы қалпына келтіру туралы нұсқама беріп, меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қабылдаған.
Алайда нұсқамада көрсетілген талаптар орындалмай, басқарма сотқа нысандарды мәжбүрлеп бұзу туралы талап-арыз берген.
2024 жылғы 17 қазанда Медеу аудандық соты мекеменің талап-арызын қанағаттандырып, сот қаулысы Алматы қаласының әділет департаментіне орындауға жіберілген.
Сот шешімін орындау мақсатында жуырда меншік иесі заңсыз нысандарды өзі бұзып тастады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада ғана Алматыда тау бөктерінде заңсыз салынған таунхаус сүрілген. Ал оның алдында Orda City тұрғын үй кешені бұзылған.