
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиев Канн қаласында «Қайырымды рыцарьлар» кешіне ұлы Аланды да ертіп барды. Дариға Назарбаеваның немересін бұрын көрмеген жергілікті баспасөз оны экс-президенттің ұлы Тауманмен шатастырып алды.
Қазақ баспасөзі жіберген қателіктен соң, Нұрәли Instagram әлеуметтік желісіне жариялаған суреттерді өшіріп тастаған. Дегенмен бір тәуліктен кейін, 20 шілдеде түн жарымында жұртты шулатқан суреттер қайта жарияланды. Бірақ бұл жолы Назарбаевтың немересі сторисіне қысқаша жазба жариялап, жұмбақ бозбаланың кім екенін таныстырды.
«Барша баспасөзге құлаққағыс: біріншіден, мен өз сторисімді өзім жүргіземін. Пәлен жерде көрініпті деу орынсыз. Екіншіден, қасымда тұрған бозбала – ұлым. Таныс болыңыздар – Алан», – деп жариялады Нұрәли Instagram-дағы сторисіне.
Жергілікті баспасөздің шатасатын жөні бар. Себебі халық Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отбасы туралы көп біле бермейді. Өйткені әлеуметтік желілерде ықпалды әулеттен Нұрәлиден басқа ешкім отырмайды.
Нұрәли Әлиев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы. Forbes-тің 2025 жылғы мамырда жарияланған рейтингінде 40 жастағы топ-менеджердің дәулеті 289 млрд долларға бағаланды. Дәулеттілер тізіміне 27 жасында қосылған Нұрәли әлемге танымал жұлдыздар мен кәсіпкерлер кештеріне қатысқанды, селебрити өкілдерімен суретке түскенді ұнатады.

Осындай бір жұлдыздың кештердің бірі 2025 жылғы 17 шілдеде Францияның Канн қаласында өтті. Knights of Charity, яғни «Қайырымды рыцарьлар» басқосуына Нұрәли ұлы Аланды да ертіп апарды. Желіде жарияланған суреттерде жас Айвенгоның кешке тиянақты дайындалғаны көрініп тұр.
«Knights of Charity – менің қымбатты досым, бауырым Милутин Гэтсби ұйымдастырған тағы бір ұмытылмас кеш. Осынау маңызды басқосуға қатысқаныма алғысым шексіз», – деп сипаттады Нұрәли.
Канндағы осы кешке қатысу арзан тұрмайды. Knights of Charity сайтындағы мәліметке қарағанда, 12 адамға арналған күміс үстелдің құны – 120 мың еуро. Ең арзаны осы. Ең қымбаты 200 мың еуро тұрады. Назарбаевтар әулетінің қалтасы көтеретін баға екеніне күмән жоқ. Круа-де-Гард қамалында ұйымдастырылған кеште әлемге әйгілі тенор Андреа Бочелли өнер көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында ғана Нұрәлидің әйелі Аида Әлиева 41 жасқа толған туған күнін Мәскеу түбіндегі тарихи ауылда дүркіретіп атап өткен.
Оның алдында Назарбаевтың немересі IRONMAN жарысындағы жетістігімен мақтанған.
Нұрәли Әлиевтің миллиондары мен миллиардер «достары» туралы толығырақ білгіңіз келсе, Kursiv.Media-ның осы тақырыпқа арналған мақаласын оқыңыз.