Қандастарды алдаған мемлекет қызметкерлері сотталды

Павлодар облысында Қазақстанға қоныс аударған қандастардың баспанасына бөлінген қаржылай көмектен ақша ұрлаған екі адам сотталды. Олар 144 млн теңге жымқырған. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды.
Осы өңірдегі Успен аудандық соты «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау бойынша қылмыстық істі қарады.
Прокурорлар «Еңбек мобильдігі орталығы» мекекемесінің қызметін тексерген. Сот барысында осы мекеменің «Успен ауданы мансап орталығы» филиалының қызметкерлері бағдарламаға қатысушыларды алдағаны анықталды.
«Айыпталушылар әдейі жалған нұсқау беріп, төмен бағамен үй табуды талап еткен. Ал сатып алу-сату келісімшартында жоғары баға көрсетілген — 8 млн теңге. Қоныс аударушылар, айыпталушылардың нұсқауымен, баға айырмасын соларға берген», – деп хабарлады құзырлы мекеме.
Прокуратура мәліметінше, олар осындай алаяқтық әрекеттермен бюджет қаражатын заңсыз иемденіп отырған. Құзырлы орган мекеме қызметкерлері мемлекетке 144 млн теңге залал келтірді деп есептейді.
«Сот екі айыпталушыны кінәлі деп таныды: біріне — 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, екіншісіне — 3 жыл шектеу жазасы кесілді», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сотталушылар шешімге шағымдана алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы қандас мәртебесін 18 мыңнан аса этникалық қазақ алған. 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 146 мың этникалық қазақ оралған.