Трамп экс-президент Обаманың түрмеге түскені туралы фейк видео жариялады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп пен Барак Обама / фото: REUTERS/Nathan Howard
Дональд Трамп пен Барак Обама / фото: REUTERS/Nathan Howard

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің бұрынғы президенті Барак Обаманың түрмеге түскені туралы ЖИ көмегімен жасалған видео жариялады. Жалған видео Трамптың Truth Social әлеуметтік желісінде пайда болды.

Трамп жариялаған фейк видео америкалық саясаткерлердің «Ешкім заңнан биік емес» деген мәлімдемесінен басталады. Осылай деушілердің арасында Құрама Штаттардың бұрынғы президенті Джо Байден де бар.

Роликтің орта тұсында, Трамп пен Обама қатар отырған уақытта, Федералдық барлау қызметінің екі өкілі келіп, Обаманың қолына кісен салады. Содан кейін экс-президенттің түрмеде отырғаны көрсетілген. Соңғы кадрларда мұңлы Обама темір тордың арғы жағынан қарап тұр.

Роликте Village People тобының 1978 жылғы «YMCA» әні ойнап тұр. Онда «жас жігіт, көкірегіңді кере берме» деген сөздер бар.

Бір күн бұрын, 20 шілдеде АҚШ ұлттық барлау қызметінің басшысы Тулси Габбард бұрынғы президент Обама әкімшілігінің өкілдеріне айып тағуға жетерлік дәлел бар деп мәлімдеген. Оның айтуынша, 2016 жылы Обама әкімшілігі Трамптың президент сайлауында жеңіске жеткеніне ашуланып, оған елді басқаруға кедергі жасауға тырысқан.

Барак Обама Құрама Штаттарды 2009-2017 жылдар аралығында басқарды. 2009 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болды.

Сондай-ақ оқыңыз