Lifestyle

Қазақ еліне +1 сәби: жақында бөпелі болатын жұлдыздар

Қазақ еліне +1 сәби: жақында балалы болатын жұлдыздар / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Жұлдыздар арасында сәбилі болатынын ерекше фотосессиямен сүйіншілегендер аз емес. Әдетте мұндай жаңалықты «көз тиеді» деп бірден айтпайды. Бала бойға бекіп, жынысы белгілі болғаннан кейін ғана көпшілікке жариялап жатады. Соған қарамастан, блогерлердің өмірінде өзгеріс болып жатқанын көзі қарақты оқырман өздері растамай тұрып-ақ біліп қойып жататын кез жиі кездеседі. Олай болса, 2025 жылы құрсақ көтерген жұлдыздар топтамасын назарыңызға ұсынамыз 

Айжұлдыз Адайбекова (@aizhuldyz_adaibekova)

Блогер, sez.app негізін қалаушы Айжұлдыз маусымның аяғында жақсы жаңалығын жариялап, «Біз сені күтеміз» деп әдемі видео салған еді. Теңіз жағасында ерекше етіп түсірілген бейне 2,4 миллионнан астам қаралым жинаған. Пікірде оқырмандары қатты қуанды.

«Балапан аман-есен өмірге келсін» десті. Stories-те блогер жүктіліктің алғашқы триместрі ауыр болғанын айтып, токсикоздан қиналғанын жеткізді. «Өте қиын болды. Соған қарамастан жұмыспен ойымды бөлуге тырыстым», — деді.

Айжұлдыз бен оның жолдасы, экстрим-блогер Сәкен Қағаров гендер-пати жасауды құптамайды. Кейіннен олар тағы бір айрықша видео салды. Ол жерде «баланың жынысы маңызды емес, аман болса болды, АДАМ болсын» деген месседж жатыр. Жұп биыл көктемде той жасап, образдары көпшілік арасында қатты талқыланған еді.   

Жұлдыз Әбдукәрімова (@zhuldyzabdukarimovaofficial)

Қазақстандық актриса, хит әнші Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдукәрімова бесінші баласына аяғы ауыр. Актрисадан мұндай жаңалықты оқырман күтпеген еді. Өйткені кейінгі кездері Қайрат пен Жұлдыздың ажырасып кеткені туралы сөз көп айтылып жүрген. Екеуінің екі қалада, бөлек тұратынына қарап оқырман осындай ойға келіп, пікірде жиі жазатын. Соған қарамастан екі қыз, екі ұлдың анасы тағы бір сәби күтіп жүргенін жариялады.

Инстаграмдағы парақшасына «2025 жылға менің жоспарым болған… Алайда…  ОНЫҢ маған деген жоспары одан да ғажап әрі қайырлы» деп жүкті екені анық көрінетін көйлек киген видеосын салды.

Басында көпшілік бұған сенбей, кезекті хайп не кинодағы рөлі деп қабылдаған. Десек те, кейіннен бұл жаңалықтың рас екенін актриса stories-тегі сұрақ-жауапта растады. Қазір ол аяғы ауыр кезінен көптеп сурет-видео салып жүр. Жұлдыз бұған дейін жалпы саны 7 рет құрсақ көтерген. Аман-есен төрт баланы өмірге әкелген. 

Жұлдыз Өмірғали (@zhuldyzomirgali_official)

KeshYOU тобының экс-мүшесі, әнші Айқын Төлепбергеннің жұбайы Жұлдыз Өмірғалидің де аяғы ауыр. Бұл жаңалықты бірінші болып Айқын парақшасына салды.

Бірдей образда жасалған фотосессиядан сурет салып, астына «Жаратқанның ерекше сыйы. Жаным, Жұлдыз! Мен тағы да әке атанғалы жатырмын. Бұйырса, бесінші сәбиіміз дүниеге келеді. Таңғы ұйқыны ұмытып, кішкентайдың иісімен мас боламыз. Бұл үлкен қуаныш біз үшін. Сіздерге де жұғысты болсын. P.S. Айтпақшы, көп балалы әкеге қандай жеңілдіктер бар мемлекетімізден? Тегін жолақы, ақшалай жәрдемақы дегендей…)» деп әзіл-шыны аралас жазба қалдырды.

Айқын Төлепбергеннің бірінші некесінен бір ұл, бір қызы бар. Жұлдыз екеуінің арасында да бір ұл, бір қыз. Енді жұп тағы бір сәбиін күтіп жүр. Айқынның сүйінші сұраған жазбасына бұрынғы әйелі — Әсел Төлепберген «Құтты болсын! Жақсы жаңалықтар көп бола берсін» деп жазған. Оқырмандар «Не деген мықты әйелсіз! Тегіңізді де ауыстырмапсыз. Өзін тастап, бақытсыз етіп кеткен адамының балалы болып жатқанын қуана құттықтап жатқан адам мен үшін ең мықты адам. Балаларыңыздың қызығын көріңіз!», «Айттым ғой, Әсел ханым ой-өрісі, өмірге көзқарасы, адамгершілігі жоғары адам» деп жазып жатты. 

Айым Алтынбекова (@aeka.posh)

Блогер, кәсіпкер Айым Алтынбекова екінші баласына аяғы ауыр. Белгілі актриса Лидия Кәденованың ұлы Дидармен бірінші некесінен бір ұлы бар. Айым Дидармен ажырасқанына біраз жыл болғаннан кейін былтыр екінші рет тұрмыс құрған еді. Биыл сәуірде сүйіншіледі.

«Осындай жаңалығымыз бар. Сіздер жақынымдай болып кеттіңіздер. Сондықтан әрмен қарай жасыра алмадым. Ма ша Аллаһ деп қойыңыздар. Жүрегінің астында күйеуімен махаббатының жалғасын көтеріп жүрген және сәбилі болғысы келіп аңсап жүрген әр әйелге Алла амандық берсін», — деп жазды. 

Айнұр Рахметова (@rakhmetovaain1)

Блогер, пәкістандық азаматқа шыққан Айнұр Рахметова да — биыл құрсақ көтергендердің санатында. Ол сүйінші жаңалықты жолдасына қалай жеткізгенін таспалаған сәтін парақшасына салды.

«Ең қызық реакция деп осыны айт. Есесіне, шын. Неге таңғалдым десеңіз, Кореяда лосось спермасын бетіме жақтым, липолитик салдырдым. Тіпті блефаропластика жасатсам деп ойлап жүрдім. Жасатпағаным дұрыс болыпты. Біз сені күтеміз, балақай» деп жазды өзі.

Бұл — блогердің екінші жүктілігі, Ариан деген ұлы бар.

Аиша Әділхан (@aishka_adi)

Блогер, белгілі жас әнші Akha-ның жұбайы Аиша да жақында ата-ана болатындарын жасырмай бөліскендердің қатарында бар. Аиша күйеуі екеуі құшақтасқан видео салып, іші көрініп тұрған көйлек киіп алған. Посттың астына ағылшынша «When two worlds collide» деп жазды ол. Жүкті екенін блогер Тайландқа ұшардан бірер сағат бұрын ғана біліп, бірінші бұл жаңалықты құрбысына айтқан. Демалысқа заттарын буып-түйіп жатып екеуі видеоқоңырау арқылы сөйлесіп отырған. Сол кезде Аишаның іші қатты ауырып кетеді де, дәріханадан дәрі алмақ болады. Бірақ құрбысы тест жасап көруді ұсынған. Басында мән бермегенімен, шынымен тест жасағанда екі сызық шыққанын көріп не істерін білмей қалған. Мұндай қуанышты жаңалықты жолдасына ерекше қылып жеткізгісі келгендіктен, әзірге құпия ұстауға келіседі. Тайландқа тығып қойған тестін күйеуі көріп қойып, ақыры сол жерде сүйіншілеуге мәжбүр болғанын жазды блогер, қызық оқиғаны еске алып. 

Таңшолпан Шотаева (@jonyshka_kolobka)

Белгілі әзілкеш, блогер, асаба, «Колобок» деген лақап атпен танымал Елдос Қадырхановтың жұбайы Таңшолпан Шотаева жүкті. Бұл жұптың сүйінші жаңалығын естіп, қуаныштан жылағандар аз болмады. Олай дейтініміз, екеуі 10 жылдан астам уақыттан бері балалы бола алмай жүрген. Армандары орындалып, Таңшолпанның құрсағына бала бітті.

«Сүйінші, қазақ елі! Аллаға шүкір. Жеттік осы күнге. Балапан, біз сені күтеміз» деп жазып, гендер-патиден видео салды жұп.

Кадрларға қарап, ұлды болатынын білуге болады. Сол пост миллионға жуық лайк жинап, 20 миллионнан астам рет қаралған. Қыста Елдос Түркияда бедеулікке қарсы ота жасатқанын айтқан болатын.

«Түркияда операция небәрі 20–30 минутқа ғана созылады екен. Ал Астанада 3,5 сағатқа созылды. Дәрігерлер үмітін үзе бастаған еді. Хирургтың айтуынша, ең маңызды тұс мүлде бітеліп қалған. Мұндай жағдайларда әдетте ол жерді ашпайды да. Қажетті құралды сұрағанда, ассистенттер тіпті дайындамаған болып шықты. Құрал келген соң кескен кезде бір дыбыс шығып, бәрі бұрқ ете қалды. Эмбриологтарға тапсырғанда олар бірден қозғалмалы жасушаларды көрді. Бұрын менде ондай мүлде болмаған еді», – деп еске алған блогердің өзі.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қазақстандық жұлдыздардың ішінде пластикалық ота жасатқандарын жасырмай айтатындар туралы жазғанбыз