
Қытайдың автомобиль дилерлері қауымдастығы (CADA) 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жаңа көліктер экспорты 10,4%-ға өскенін хабарлады. CarNewsChina дерегіне сүйенсек, жалпы үшінші елдерге 3,1 млн автокөлік жөнелтілген, оның ішінде 1,06 миллионы — NEV деп аталатын экологиялық таза (жасыл) модельдер.
Экспортталған NEV көліктерінің басым бөлігі электромобильдер. Олардың саны 670 мыңға жеткен. Тағы 390 мыңы — қуатталатын гибридтердің әртүрлі нұсқалары. Жылдық салыстыру бойынша Қытайдан шығарылған аккумулятормен жүретін көліктер саны 40,2%-ға артса, гибридтер саны бірден 210%-ға өскен.
BYD сұранысы жоғары көлікке айналды
Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында шетелде ең танымал қытайлық автокөлік — BYD Song Plus кроссовері болды. Бұл модельдің 134 105 данасы сатылған, өсім — 184%. Айта кетсек, ол электрлі және гибридті нұсқаларда шығарылады және Қазақстанда да ресми сатылымда бар. Біздің елдегі шоурумдарда Song Plus бағасы 15,7 млн теңгеден 18,9 млн теңгеге дейінгі аралықта, ал алты айда 386 дана сатылған.
Рейтингтің екінші орнында MG ZS кроссовері тұр — 91 706 дана. Бұл модельдің экспорты 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 45,4%-ға өскен. Қазақстан нарығында да ұсынылғанымен, бұл көлікті отандық сатып алушылар арасында аса танымал деу қиын. Бағасы 12 млн теңгеден басталатын бұл жол талғамайтын көліктен жыл басынан бері небәрі 51 дана ғана сатылған.
Chery Tiggo экспорты бәсеңдеді
Үздік үштікті Chery Tiggo 5X кроссовері қорытындылайды. Бұл бюджеттік модельдің 69 838 данасы шетелге жөнелтілген, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,6%-ға аз. Айта кетейік, бұл индекс бізге таныс болмаса да, елімізде жиі кездесетін Chery Tiggo 4 моделімен сәйкес келеді.

Топ-5-ті толықтырып тұрған қалған екі модель — Chery Tiggo 7 (63 965 дана) және BYD Seagull (61 314 дана). Бұл кроссовер мен электрлі хэтчбэк Қазақстанда да кездеседі. Tiggo 7 ресми автосалондарда бірден үш нұсқада ұсынылған болса, BYD Seagull елге жеке жолмен әкелінеді және дайын тұрған көліктердің бағасы шамамен 6 млн теңгеден басталады.
2025 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында Қытайдан ең көп экспортталған көліктер Chery концерніне тиесілі болды. Автоөндіруші шетелге 548 000 көлік шығарды. Екінші орында 472 000 көлікпен BYD. Үздік үштікті SAIC концерні түйіндейді, оның экспорты 438 000 дана. Айта кетерлігі, BYD экспорты 130%-ға өсіп, ерекше қарқын көрсеткен.
Осыған дейін Қытайлық автомобиль дилерлері қауымдастығы (CADA) құнын жақсы сақтайтын көліктер рейтингін жасаған болатын. Зерттеу барысында CADA үш жыл ішінде құнын аз жоғалтатын көлік түрі минивэн екенін анықтаған.