Алдағы 5 жылда Қазақстанда мыс өндірісі екі есе артпақ

Қазақстан Үкіметі 2030 жылға дейін металлургия саласын қарқынды дамытуға ниетті. Бұл мақсатқа жету үшін елде жаңа кен орындарын игеру, өңдеу қуаттарын арттыру және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беріледі. Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков осы салада жүзеге асатын нақты жобалар туралы айтты.
Жоспарға сәйкес, Айдарлы, Көксай және Бенқала сияқты ірі жаңа кен орындарының іске қосылуы есебінен Қазақстанда мыс өндіру екі есе артып, жылына 300 млн тоннаға дейін жетпек.
Мыс өндірісімен қатар оның өңделу көлемі де ұлғаймақ: катодты мыс өндірісі Жамбыл облысында жүзеге асырылатын жобалар аясында дамиды. Сонымен бірге, елімізде алюминий өңдеу көлемі 50%-ға, қорғасын өндірісі екі еседен астам, ал мырыш өндірісі 11%-ға ұлғайтылмақ.
Металлургиямен қатар темір рудасын өндіру көлемі де артады. Бұл көрсеткіш ішкі сұраныстың өсуі мен жаңа өндірістік жобалардың іске қосылуы нәтижесінде 40%-ға өсіп, 52 млн тоннаға дейін жетуі тиіс.
2025 жылы елімізде жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын 190 өнеркәсіптік жоба іске асырылады. Бұл жобалар шамамен 23 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде тау-кен металлургия саласына тиесілі 28 жобаның жалпы құны 444 млрд теңге болса, олар 6,5 мың адамды жұмыспен қамтиды.
Аталған жобалар аймақтарға кеңінен тараған. Мысалы, Қарағанды облысында болат құбырлар мен алюминий радиаторларын өндіру жоспарланса, Түркістан облысында алюминий профильдері шығарылады. Ақмола облысында алюминий бұйымдары, Павлодар облысында ферроқорытпа, ал Жамбыл облысында катодты мыс өндірісі жолға қойылмақ.
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында металлургия саласындағы өсім де байқалды. Статистикаға сәйкес, металлургиялық кен өндіру көлемі 7,8%-ға, ал дайын металл өнімдері өндірісі 6,9%-ға артқан. Бұл салада еңбек өнімділігі де жоғарылаған: бір жұмысшыға шаққандағы өнім көлемі 102 мың долларды құрап, былтырғыдан 9,4%-ға өсті.
2024 жылы металлургия саласына 1,7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы салада 224 мыңнан астам адам жұмыс істейді, ал тау-кен металлургия кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 8%-ды құрайды.
2025 жыл басынан Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі (+8,4%) тұрақты түрде өсіп келеді.