
Қазақстанда жазғы демалысты өткізуге болатын ең жайлы әрі ерекше өңірдің бірі – Ақтау. Каспий теңізінің жағалауында орналасқан бұл қала саяхатшыларға теңіз жағажайы, күнге қыздырыну, табиғи сұлулық пен тарихи орындармен қатар, заманауи инфрақұрылым мен демалыс нысандарын ұсынады. Ақтауда нені көруге болады, бұл қалаға қалай жетуге болады? Сізге Ақтауға саяхат жайлы қысқаша әрі пайдалы шолу ұсынамыз.
Жартасты соқпақ

Жартасты соқпақ – Ақтаудың басты визит карталарының бірі, Бор мүйісінің етегінде орналасқан. Соқпаққа төртінші ықшам аудан арқылы баруға болады, ұзындығы 1,5 шақырымға жетеді. Жартас пен теңіз арасын жалғасып тұратын көпір іспеттес.
Соқпақ жағалаудағы үлкен алаңның бір бүйірінен басталады. Үлкен алаң – қала тұрғындарының сүйікті орны. Бұл жерден күннің кез келген уақытында қаланың жағалауына керемет көрініс ашылады. Осы нүктеден Ақтаудың теңіз портына кіріп жатқан кемелерді, сондай-ақ жүріп жатқан яхталар мен қайықтарды тамашалауға болады.
Бор шамшырағы

Осы жерден алыстамай-ақ, Ақтау қаласының тағы бір қызықты көрікті нысанын байқай аламыз – бұл «Бор шамшырағы». Оның ерекшелігі – 11 қабатты тұрғын үйдің төбесіне орналасқандығында.
Нысан 20-ғасырдың 70-жылдарына қарай салынған. Кеңес кезеңінде жағалауда маяк орнатуға ыңғайлы жер болмаған соң, оны тұрғын үйдің үстіне орнатуға шешім қабылданған. Қалаға барған әрбір турист осы маякты көруге тырысады
Rixos Water World Aktau қонақүйі

Фото: ашық дереккөзден
Rixos Water World Aktau – «all inclusive» жүйесімен жұмыс істейтін Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз бес жұлдызды қонақүй. Курорт Каспий теңізінің көркем жағалауында, Ақтау қалашығына жақын жерде орналасқан.
Қонақтар тегін велосипед, маусымдық ашық бассейн, фитнес-орталықты пайдалана алады. Сонымен қатар қонақүйде балалар клубы мен мейрамхана, аквапарк пен терраса бар.
Booking.com сайтына сенсек, екі адамға арналған бір бөлме тәулігіне 148 мың теңгеден басталады. Ал люск санаттағы бөлмелер бағасы тәулігіне миллион теңгеге дейін барады.
Желкенді яхта

Каспийді тамашалаймын десеңіз, Ақтауда яхталарды жалға алып, көк теңізге шыға аласыз. Ең биік яхталардың биіктігі төрт қабатты үймен тең. Яхтада достармен серуендеуге де, шағын жиын-той өткізуге, тіпті сүйіктіңізге ұсыныс жасауға да болады.
Яхтаны жалға алу сағатына шамамен 30 мың және 50 мың теңгеден басталады.
Теңіз жағасындағы демалыс базасы

Қалада уақытты жақсы өткізудің тағы бір жолы – Ақтаудағы теңіз жағасындағы демалыс базалары. Олар тура жағалауда, таяқ тастам жерде Каспий тұр. Көк теңізге сүңгіп, әдемі, жайлы демалыс үйлерінде уақыт өткізуді ұсынамыз.
Демалыс базасына кіру құны адам басына 1000 теңгеден басталады. Егер бір тәулікке жалға аламын десеңіз 10 мың теңге және одан жоғары болады. Демалыс аумағында қонақүй нөмірлері, бассейн, сауна, спортзал мен SPA кешендері бар.
Облыстық өлкетану музейі

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерге бай мәдени ошақтың бірі. Облыстық музейде Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған, Қазіргі Қазақстан, Тарих, Археология, Мұнай өндірісі, Ақтау қаласы және Қазақстан халқы ассамблеясының тарихы экспозициялық залдары, сонымен қатар «Этнография» және «Маңғыстаудың түз тағылары», «Тетис құпиялары» көрме залдары жұмыс істейді.
Музейге кіру билеті 200 теңгеден басталады, егер гид алатын болсаңыз қосымша 1500 теңге төлеу керек.
Ақтауға қалай баруға болады?
Алматы және Астана қалаларына Ақтауға тікелей әуе рейстері бар. Екі ай бұрын ұшақ билетін 25 мың теңгеге алуға болады. Ал пойыз билеттері 18 мың теңгеден басталып, 27 мың теңгеге дейін жетеді.
Қаланың өзінде автобус та, такси де жүреді. Ақтаудың өзі шағын қала болғандықтан, мекенжайында ерекшелік бар. Такси ұстағанда көшенің қиылысын емес, ықшам аудан нөмірін, одан кейін үйдің нөмірін айтасыз. Мәселен, «төртте екі» деген мекенжай төртінші ықшам аудандағы екінші үй дегенді білдіреді.
Қала ішінде автобустар да қатынайды, QR-кодпен төлесеңіз билет бағасы 70 теңгеден басталады. Ал қолма-қол ақшамен 100 теңге беруіңіз керек.