Жаңалықтар

Әйелін суицид жасауға итермелеген сотталушының ата-ана құқығы шектелді

7 баланың әкесінің ата-ана құқығы шектелді/фото: shutterstock

Әйелін суицид жасауға итермелеп, 1,5 жылға сотталған 51 жастағы Мұхитжан Сейдуәлиевтің ата-ана құқығы шектеліп, алимент төлеуге міндеттелді. Істі – Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарарлық соты қараған. Марқұм әйел мен сотталушының ортақ 7 баласы болған. Олардың бесеуі кәмелет жасқа толмаған.

Қалалық соттың дерегінше, қалалық білім басқармасының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандандырылған бөбектер үйі сотқа жүгінген. Екі ведомство Сейдуәлиевті кәмелет жасқа толмаған 5 баласына қатысты ата-ана құқығын шектеу және алимент өндіру туралы талап арыз түсірген. Балалардың үлкені – 16 жаста, кенжесі 3 жаста.

Сотта балалардың анасы қайтыс болғаны, ал әкесі 1 жыл 6 айға сотталғаны белгілі болған.

«Сот аталған мән-жайларды және «Неке және отбасы туралы» кодекстің «Ата-ана құқықтарын шектеу» бабын назарға алып, талап қоюды қанағаттандырды» делінген қалалық соттың хабарламасында.

Сөйтіп соттың шешімімен жауапкер Мұхитжан Сейдуәлиевтің 5 баласына қатысты ата-ана құқығы шектелді. Оған қоса сотталушыдан балалары кәмелетке толғанға дейін алимент өндірілетін болды.

Марқұм әйел мен сотталушының ортақ 7 баласы болған. Олардың екеуі – кәмелет жасқа толған. Марқұмның тұңғышы балаларды өз қарауына алу үшін басқармаларға құжат өткізген. Қазірге балалардың қайда қалатыны беймәлім.

Еске салар болсақ, отбасылық жанжалдан соң көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатынан секіріп кеткен әйелдің өлімі бойынша сот үкімі шыққан. Анасының өлімінен соң оның балалары мен марқұмның туыстары мәлімдеме жасаған. Жәбірленуші деп танылған екі қызы үкіммен келіспейтінін айтқан.