Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің ісі сотқа өтті

Жарияланды
Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметінен

Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында оқ тиген қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің ісі сотқа өтті. Жоғарғы соттың сот кабинеті жүйесіндегі мәліметке қарағанда, іс «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Бүгін, яғни 22 шілде күні Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі өндіріске қабылдау және алдын ала тыңдау тағайындау туралы қаулы шығарған.

Істі судья Абинұр Қарабаев қарайды. Судья шығарған қаулыға қарағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталғаннан кейін, іс құжаттарымен таныстыру барысында айыпталушы Ернар Жиембайға алқабилердің қатысуымен істі қараудың ерекшеліктері түсіндірілген. Десе де ол істі алқабилердің қатысуымен немесе олардың қатысуынсыз қарау туралы пікірін білдірмеген.

Іс аса ауыр қылмыстар санатына жататындықтан алдын ала тыңдау жарияланған. Алдын ала тыңдау 28 шілде күні өтеді деп белгіленген.

«Сотталушының қылмыстық істі алқабилер мен немесе олардың қатысуынсыз қарау туралы пікірін анықтау үшін және тараптардын талап-тілектер түскен жағдайда, оларды шешу мақсатында іс бойынша алдын-ала тыңдау тағайындау қажет деп санаймын» делінген қаулыда.

Айыпталушы Жиембайға қатысты қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалған.

Еске салар болсақ, 21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс болып, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов жарақат алған. 5 рет оқ атты деген күдікке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры ілінген.

Сондай-ақ оқыңыз