
2024 жылы «Қазақфильм» кейінгі жеті жылда алғаш рет өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетті. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның пікірі. Бұл туралы министр Aikyn.kz сайтына берген сұхбатында айтқан. Сондай-ақ киностудия төңірегіндегі мәселелерге тоқталған.
Заңға өзгеріс енгізілді
Айтуынша, заңнамалық деңгейде мемлекеттік киноқаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын «Қазақфильмге» бағытталатын тетік енгізілді.
«Бұл норманы іске асыру мақсатында биыл «Қазақфильмге» үш коммерциялық кино жобаны түсіруге 336 млн теңге көлемінде қаражат бөлінуде. Қазір киностудия келіссөздер жүргізе бастады. Бұл жерде ескерер дүние, мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан бұл қаражат сараптаудан өткен, лайықты деп танылған туындыларға ғана бөлінеді.
Сондай-ақ кино түсіруге ниетті азаматтар өз жобасы мен қаржысының белгілі бір пайызын, мысалы, 50 пайызын алып келсе, «Қазақфильм» қалған қаражатты бөліп, бірлесіп жұмыс істейді», – дейді Балаева.
Осылайша мемлекет қаржысының қайтарымы болуы үшін прокаттағы табысқа екі тарап та мүдделі болады.
«Қазақфильмді» актер емес, менеджер басқаруы керек
Аида Балаева «Қазақфильмді» актер де, режиссер де емес, кәсіби менеджер басқаруы керек екенін айтты. Сондықтан министр қазіргі басшыны қазақ тілін жетік білмейді деп кінәлап, атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығару орынсыз деп санайды.
«Қазақфильм» киностудиясының басым бағыттарының бірі – киностудияны дамытуға жеке инвестиция тарту. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қолдауымен ішінара жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Kinopark & Kinoplexx кинотеатрлар желісінің қаржысы есебінен «Қазақфильм» аумағында жазғы кинотеатр салу және ғимараттың 1 000 шаршы метрін жөндеу жоспарланып отыр», – деді сұқбатында.
Сөзінше, кей азаматтар «Қазақфильмнің» жерін сатып жібергелі жатыр деген әңгіме де айтқан. Министр мұның шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
«Кей азаматтар айтып жүргендей, ешкім «Қазақфильмнің» жерін сатып жібермек емес. Біз отандық фильмдердің әр жетістігіне шын қуанып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде насихаттап келеміз», – дейді Балаева.
Бұған дейін Кинематографистер одағы билікке үндеу жолдап, ұлттық кино саласындағы ахуалға алаңдаушылық білдірді. Сол кезде «Қазақфильм» киностудиясының президенті міндетін атқарушы Айдар Омаров сынға қалды. Кинематографистер жаңа басшының мемлекеттік тілді елемеу, кәсіби біліксіздік пен шығармашылық атмосфераны күйрету секілді әрекетін айыптады.