
Перизат Қайрат ісінде сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина сотталушыларға қандай айып тағылғанына тағы бір тоқталды.
«Перизат Қайрат науқас балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге, Палестина халқына көмектесемін деп уәде берді. Ол үшін Перизаттың қолында барлық мүмкіндік те, халықтың қолдауы да болды. Алайда ол игі ниетті жеке пайдаға айналдырды», – деді прокурор Мадина Оразалина.
Айтуынша, 2021 жылдан 2025 жылға дейін Перизат Кайрат анасы Ғайни Алашбаевамен бірге 3,5 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденген. Жиналған қаржы сән-салтанатқа жұмсалған: элиталық көліктер, бес жұлдызды қонақүйдегі демалыстар, үй мен пәтерлер. Сотталушы Кайрат пен Алашбаеваға бірнеше бап пен эпизод бойынша айып тағылды: үш алаяқтық дерегі және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыру фактілері.
«Енді қайырымдылық атын жамылып, пайда көретіндерге халық сенбейді. Халықтың сенімі шексіз емес. Садақа мансап құралы емес. Егер біреу тағы да қайырымдылық бетпердесін киюге тырысса, ол заң алдында жауап береді. Бұл іс сабақ болсын. Халықтың сенімі – әмиян да, бренд те емес, бұл – аманат», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Айта кетейік, Перизат Қайраттан 2025 жылдың 21 шілдесінде жауап алынды. Сот отырысы жабық форматта өтті. Ал екінші сотталушы Ғайни Алашбаева құқығын пайдаланып, жауап беруден бас тартқан.
2025 жылдың 14 шілдесінде Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, айыптау актісін тергеушілердің қиялынан туған деп атады.
Перизат Қайратқа Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы – «Аса ірі мөлшерде жасалған қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа мүлікті заңдастыру (жылыстату)».
190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық»;
218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа мүлікті заңдастыру (жылыстату)»;