Жаңалықтар

Прокурор Перизат Қайратты 10 жылға соттауды сұрады

Перизат Қайрат соты жалғасып жатыр/фото: Instagram/01pk

Перизат Қайрат ісінде жарыссөз басталды. Прокурор сотталушы Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурорлар қылмыстық істе жазаны жеңілдететін мән-жайлар жоқ екенін айтады. Керісінше, жазаны ауырлататын жағдайлар бар деп есептейді, себебі әрекет төтенше жағдай кезінде жасалған.

Прокурор Арман Казекен жарыссөз барысында соттан Перизат Кайратты ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – «Алаяқтық» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады. Осы бап бойынша оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды.

Сондай-ақ, ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасын тағайындауды сұрады.

«ҚР ҚК 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті жаза ретінде 10 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және 10 жылға дейін қайырымдылық мақсатында қаржы тартумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор Казекен.

Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша айып тағылған:

  • 190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – «Аса ірі көлемдегі алаяқтық»;
  • 218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)»;
  • 218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі мөлшерде адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)».

Айта кетейік, Перизат Қайраттан 2025 жылдың 21 шілдесінде жауап алынды. Сот отырысы жабық форматта өтті. Ал екінші сотталушы Ғайни Алашбаева құқығын пайдаланып, жауап беруден бас тартқан.

2025 жылдың 14 шілдесінде Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, айыптау актісін тергеушілердің қиялынан туған деп атады.