Күдіктіні қамауда ұстау мерзімін ұзарту нормасы өзгеруі мүмкін

Конституциялық сот іспен танысу сатысында күдіктіні қамауда ұстау мерзімдері туралы Қылмыстық-процестік кодекстің нормасын пысықтау қажет екенін мәлімдеді.
Бұған азаматтың Қылмыстық-процестік кодекстің 152-бабы 6-бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініші негіз болған. Бұл нормаға сәйкес күдікті мен қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болуы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде адамды күзетпен ұстау мерзіміне кірмейді, бірақ оны сот жаза тағайындау кезінде ескереді.
Азамат қылмыстық іс материалдарымен танысудан бас тартқанына қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін өзін күзетпен ұстау бір жылдан астам уақытқа жалғасқанын айтқан. Алайда осы кезеңде оның қорғаушысы мен қылмыстық процестің басқа қатысушыларының қылмыстық іс материалдарымен танысуы жалғасқан.
Конституциялық сот өтініші қарап, күдікті мен қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауды тергеу судьясы ҚПК-де көзделген тәртіппен санкциялайды және оның мерзімін ұзартуға тиіс деп көрсетті. Егер күдікті мен қорғаушы іс материалдарымен танысу уақытын көрінеу созбаласа, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам белгілі бір мерзімді белгілей отырып, прокурор бекітетін іс материалдарымен танысу кестесін жасауға құқылы.
«Сонымен қатар қорғаушы мен күдіктінің іс материалдарымен танысу әрекеттеріндегі келіспеушілік норманы конституциялық емес деп тануға негіз бола алмайды. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы, күдіктінің қорғаушысын қоса алғанда, қылмыстық процеске қатысушылардың іс материалдарымен танысу кестесін жасаған кезде күзетпен ұсталып отырған күдіктінің пікірін анықтау талап етіледі», – делінген ақпаратта.
Конституциялық сот күдіктіні күзетпен ұстауға байланысты жекелеген мәселелердің жеткіліксіз пысықталғанын атап өтті. Мәселен, қылмыстық процесс сатысына қарай адамды күзетпен ұстау мерзімін ҚПК-де көзделгендей автономды бөліктерге бөлу практикада осы бұлтартпау шарасын қолданудың заңда белгіленген шекті мерзімдерін өзгертуге ұшыратуы мүмкін. Құқық қолдану практикасында күдіктіні күзетпен ұстау мерзімін есептеу күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу уақытына қарамастан, қылмыстық процестің барлық қатысушыларының танысу кезеңіне тоқтатылады.
Қорыта келгенде Конституциялық сот ҚПК-нің 152-бабы алтыншы бөлігін Конституцияға сәйкес келеді деп таныды. Сондай-ақ Үкіметке қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.