
Заңгер Жанна Оразбақова жұртшылыққа кезекті ісінің мән-жайын жариялап, бұрынғы күйеуі мүгедек қылып, ажарынан айырған Алтынай есімді әйелдің тағдыры үшін күресіп жатқанын мәлімдеді.
Заңгердің айтуынша, 2022 жылғы наурызда Алтынайды экс-күйеуі сабап, көз ұясын сындырып, көру қабілетін нашарлатқан, бет сүйегі мен мұрын қуысын сындырған. Содан бері бетіне төрт рет күрделі ота жасалған. Оның соңғысы былтыр қазан айында Кореяда болып, 8 сағатқа жалғасқан. Алда әлі бірнеше ота жасалуға тиіс.
Алтынай бұрынғы күйеуін сотқа беріп, оталарға кеткен шығынды өндіріп алмақ болған. Сот оның талабын жартылай қанағаттандырған.
Алайда ер адам бұрынғы әйелін «пластикалық операцияға ақша өндіріп алғалы жатыр» деп Астана қалалық сотына апелляция беріп, Жоғарғы Сотқа жүгінген.
«Бұл не деген қатыгездік? Алтынай небәрі 30-ға жаңа толды, егер күйеуі оны ұруға хақым бар деп шешпегенде, мұндай операциялар оған мүлде қажет болмас еді. Қалалық сот шешімді өзгертпей қалдырады деп үміттенемін, сонда Алтынай шығындарын өтеуге мүмкіндік алып, көру қабілетін қалпына келтіруге дайындықты бастай алады», – дейді заңгер.
Енді заңгер бұрынғы шешімді күшінде қалдыру үшін күреспек.
Бұған дейін, Жетісуда әкім болғысы келген адам әйелін сабап өлтірген деген күдікке ілінгенін хабарлағанбыз.