LRT депосында құрылыс жұмыстары 50 пайызға аяқталды

Астанадағы LRT депосы кешенді орталығының құрылысы 50%-ға дайын. Бұл туралы Астана қаласының қоғамдық көлік жүйесін басқаратын City Transportation Systems компаниясы хабарлады.
Депо – жылжымалы құрамды сенімді пайдалануды, техникалық қызмет көрсетуді және сақтауды қамтамасыз ететін көлік инфрақұрылымының негізгі буыны.
Кешенді орталыққа басқару орталығы, пайдалану депосы, жөндеу депосы, локомотив депосы сияқты бірнеше негізгі нысандар кіреді.
CТS депоның кешенді орталығын құру LRT техникасын пайдалануға, жөндеуге және қызмет көрсетуге байланысты барлық процестерді орталықтан басқаруға мүмкіндік беретінін айтады.
«Қазіргі кезеңде пайдалану және локомотив депосындағы негізгі темірбетон және металл конструкциялық жұмыстар аяқталды. Ішкі бөлімдерді монтаждау жүргізілуде. Кешенді орталықты іске қосу барлық 18 станцияның және тұтастай алғанда бүкіл желінің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті пойыздардың қозғалысын және барлық LRT инфрақұрылымының жай-күйін тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.
City Transportation Systems құрылыс жұмысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін, LRT рельсін төсеу жұмыстары тамызда аяқталатыны хабарланған.
Айта кетейік, City Transportation Systems LLP компаниясы 2024 жылы 41,2 млрд теңге шығынға батқан. Бұл 2023 жылғы 4,6 млрд теңгемен салыстырғанда 8,9 есе көп. Ал 2024 жылғы есеп беру күнінде жинақталған шығын 213,5 млрд теңгеге жеткен.