Қорғаста BYD көліктері қанша тұрады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
BYD, BYD QIN PLUS, ВYD HAN, ВYD SONG, ВYD YUAN UP
Қорғаста BYD көліктері қанша тұрады/Фото: Нейрожелі көмегімен жасалған

Электромобиль мен гибридтің көліктер нарығында BYD бренді ойып тұрып орын алды. «Сұр» қытай көліктерін жеткізуде басты хабтың бірі саналатын Қытайдың Қорғас авто нарығынан аталған брендтің көптеген моделін кездестіруге болады. Автоблогер Алмас Ботабеков 2025 жылғы шілдеде аталған көлік базарындағы бағаларды көрсетті.

Алмастың айтуынша, бүгінде мұнда негізінен 2025 жылғы BYD модельдері ұсынылған. Өткен жылғы көліктердің көбі сатылып кеткен, не сирек кездеседі. Оның сөзінше, мұндағы баға күн сайын өзгеріп отырады, сондықтан нақты бір бағаға сеніп қалуға болмайды. Бағаға валюта курсы, сұраныс деңгейі мен ұсыныс көлемі әсер етеді.

BYD Destroyer 05

youtube.com/@almasssyan, бильд-редактор: Дастан Шанай

BYD Destroyer 05 – гибридтік күш қондырғысы бар седан. Негізгі нұсқасы 9 мың доллардан (шамамен 4,8 млн теңге) басталады. Модельдің электр жүрісімен 55 км және 120 км-ге дейінгі екі түрі бар. Ең сұранысқа ие түстер – ақ, сұр және қара.

BYD Qin Plus

youtube.com/@almasssyan, бильд-редактор: Дастан Шанай

Орталық Азиядағы такси қызметтерінде кең қолданылатын танымал модель. Үнемді седан ақ және сұр түстерде 8 мың доллардан (шамамен 4,2 млн теңге) сатылады.

BYD Han

youtube.com/@almasssyan, бильд-редактор: Дастан Шанай

BYD Han – бизнес-класс санатына жататын, компанияның алдыңғы қатарлы технологияларын көрсететін премиум седан. 605 км-ге дейін жүретін электр нұсқасы $21,7 мыңнан (шамамен 11,1 млн теңге) басталады. Қорғаста 506, 605 және 701 км-ге дейін жүретін үлгілер жиі кездеседі. Негізгі түстер – ақ және сұр, қара нұсқалар да бар, олар әсіресе таксопарктер арасында тез сатылады.

BYD Song Plus

youtube.com/@almasssyan, бильд-редактор: Дастан Шанай

BYD Song Plus – 605 км дейін жүретін эектрлі кроссовер, брендтің ең теңгерімді модельдерінің бірі саналады. Ботабековтің айтуынша, бұл көлік ақ, сұр және қара түстерде $19 мыңнан (шамамен 10,1 млн теңге) сатылады. Негізгі жиынтыққа бір кілт-карта және зарядтағыш құрылғы кіреді. 2025 жылғы модельде люктен бас тартылған, бұл өндірістік шығындарды азайтып, соңғы бағаны төмендетуге бағытталған. Дегенмен, батарея, дөңгелек пен жарық жүйесі сияқты негізгі компоненттер сапалы күйінде қалған.

Оның Song Plus DM-i атты гибрид нұсқасы да бар. Ол $18,3 мыңнан (шамамен 9,7 млн теңге) басталады. Бұл нұсқа электр және бензинмен қатар жұмыс істеу мүмкіндігі арқылы тартымды болып тұр.

BYD Seal 05

youtube.com/@almasssyan, бильд-редактор: Дастан Шанай

BYD Seal 05 моделінің бағасы $16,7 мыңнан (шамамен 8,9 млн теңге) басталады. Модельдің бірнеше нұсқасы бар, олардың ішінде 520 км-ге дейінгі қашықтыққа жүретіні – ұзақ сапарлар үшін өте ыңғайлы.

BYD Yuan Up

youtube.com/@almasssyan, бильд-редактор: Дастан Шанай

Yuan Up – қалаға арналған шағын әрі заманауи кроссовер, Қазақстан нарығында ресми түрде ұсынылған. Қытай нарығында бұл модель 401 км жүретін үш түрлі конфигурацияда бар:

  • Базалық нұсқа – $11,1 мың (шамамен 5,9 млн теңге)
  • Орташа жинақтама – $12,6 мың (шамамен 6,7 млн теңге)
  • Толық нұсқасы – $13,7 мың (шамамен 7,2 млн теңге)

Yuan Up – қалалық жүргізу мен белсенді өмір салтына арналған, маневрлік пен кең салонымен ерекшеленеді.

Алмас Ботабеков Қорғас базарында аз да болса, 2024 жылғы модельдер де бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, BYD E2 – 5,5 млн теңгеден басталса, Song L EV – 11,6 млн теңгеден жоғары. Оден бөлек жаңа Song Pro гибрид үлгісі де сатылымда бар.

Бұған дейін, такси қызметінде танымал 8 млн теңгеге дейінгі қытай көліктері туралы жазғанбыз. Оның ішінде жоғарыда аталған седандар да бар.

Сондай-ақ оқыңыз