ЖИ-терапевт диагнозды 80% дәлдікпен қояды – ДСМ

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
ЖИ-терапевт диагнозды 80% дәлдікпен қояды - ДСМ
ЖИ-терапевт диагнозды 80% дәлдікпен қояды – ДСМ/Фото: shutterstock

Ақмола облысының бірқатар медициналық ұйымдарында «ЖИ – терапевт» сервисі сынақтап өтіп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің қатысуымен өткен жасанды интеллект қолданылатын цифрлық шешімдер туралы жиындай айтылған.

Министрлік мәліметінше, «ЖИ – терапевт» нақты уақыт режимінде дәрігер мен пациенттің арасындағы диалогты талдап, алдын-ала диагнозды 80% дәлдікпен қоя алады. Әрі дәрігердің әдеттегі құжаттама уақытын 40%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Жиында айтылған тағы бір инновациялық өнім – денсаулықты қашықтан бақылауды қамтамасыз ететін мобилдік телемедициналық қосымша. Оның көмегімен қазақстандықтар қысымды, импульсті, дене температурасын, қандағы оттегінің деңгейін және глюкозаны өлшей алады.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін смарт-бейнежетондарды енгізу жобасы ұсынылған.

«Пилоттық режимде технология елордада бес жедел жәрдем бригадасында қолданылып, жақын арада Алматыда іске қосу жоспарлануда. Құрылғылар қоңырауларды бейнетіркеуге мүмкіндік береді және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету құралы ретінде қызмет етеді, – делінген хабарламада.

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин медициналық ұйымдарға аналитикамен бейнебақылау, қолжетімділікті бақылау жүйелері, дабыл батырмалары, полиция департаменттерінің жедел басқару орталықтарымен бейнетаспаны интеграциялау сияқты опцияларды қамтитын кешенді күзет жүйесін ұсынуға дайын екенін хабарлаған.

Бұған дейін, үкіметтегілер денсаулыққа зиянды 7 мың жұмыс орны цифрландырылатынына байланысты мамандар не істейтінін айтып берген.

Сондай-ақ оқыңыз