Қазақстандық инвесторлар салықты 2025 жылдан бастап жаңа ереже бойынша төлейді

Жарияланды
Шығарушы редактор, шеф-редактордың орынбасары
Business News бөлімінің редакторы
сальдирование
shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстанда жеке инвесторлар салықты сальдолау принципін ескере отырып төлейтін болады. 2025 жылдың басынан бері жасалған бүкіл мәміле жиынтық нәтиже бойынша есепке алынады, яғни, кірістен шығынды шегеру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өзгерістер жаңа Салық кодексіне енгізіліп, оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойды.

Сондай-ақ құнды қағаздарды сатып алу кезінде брокер комиссиясын да шығын ретінде есептеу мүмкіндігі енгізіледі. Осылайша, салық тек нақты табысқа салынбақ. Бұл өзгеріс бұған дейінгі теңсіздікті жояды, ол кезде инвестордың жалпы шығынға қарамастан салық төлеуіне тура келетін жағдайлар болған.

«Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасы Сергей Лукьянов «Курсивке» берген пікірінде жаңа ережелер салық жүйесін анағұрлым қисынды, ашық әрі халықаралық стандарттарға жақын еткенін атап өтті:

«Бұрынғы тәртіптің басты қайшылығы – инвесторлар жалпы шығынға ұшыраса да, салық төлеуге мәжбүр болуы мүмкін еді. Бұл өзгерістер әсіресе жеке инвесторлар үшін маңызды. Өйткені олар үшін салық жүктемесінің әділ әрі болжамды болуы өте маңызды. Біз салық есебін өзіміз жүргізіп, клиенттерді осы жүктемеден босатуға дайындалып жатырмыз», – деді ол.

Freedom Finance Global вице-президенті Ғали Искалиевтің айтуынша, әділетті салық салу жүйеі Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Парламент, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және кәсіби қоғамдастықтың ашық әрі жүйелі жұмысының арқасында енгізілген.

«Бастаманы қолдап, оны сапалы пысықтауға атсалысқандарға алғысымызды білдіреміз. Қазір біз қор нарығы мен жалпы экономика үшін маңызды болатын басқа да нормаларды талқылап жатырмыз», – деді ол.

Салық салу тәртібінде құнды қағаздардың түріне қарай сараланған тәсіл қолданылады. Жаңа редакцияда қандай құнды қағаздар жеңілдікке ие болатыны нақты жазылған. Мысалы, KASE және AIX биржаларының ресми тізіміне енген қағаздар, мемлекеттік және агенттік облигациялар, пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ АХҚО-да тіркелген компаниялардың акциялары салықтан босатылады. Қалған қағаздарға жалпы тәртіппен салық салынады.

Жеңілдікке ие құнды қағаздарды сатқаннан түскен кіріс те салық декларациясында көрсетілуі керек. Бірақ оны арнайы тәсілдер арқылы салық салынатын базадан шығарып тастауға болады.

Пайда мен шығынды есептеу құнды қағаз түріне байланысты жеке жүргізіледі: жеңілдікке ие және жеңілдігі жоқ қағаз бойынша бөлек. Бір категориядағы шығынмен екінші категориядағы кірісті азайтуға болмайды.

Сонымен қатар, егер инвестор жыл соңында жалпы шығынға ұшыраса, бұл сома алдағы салық кезеңіне өтпейді. Жаңа заңда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.

Табыс есептеу әдістемесі заңмен нақты бекітілді. Енді табысты есептеудің жалғыз рұқсат етілген тәсілі — FIFO принципі («алғаш сатып алынған – бірінші сатылады»).

Бұл нені білдіреді?

Құнды қағазды сатқан кезде оның құны ретінде уақыты бойынша ең бірінші сатып алынған қағаздың бағасы есепке алынады. Қағаз қай шотта сақталғаны маңызды емес.

Салық салы мақсатында бір брокердің әртүрлі сауда шоттарында сақталған бірдей активтердің арасында да айырма болмайды. Яғни, есеп кезінде активтердің ішіндегі ең ерте сатып алынғаны негізге алынады.

Бұл әдіс кей жағдайларда нақты мәміле бойынша пайда мен салықтық есеп арасындағы айырмашылыққа әкелуі мүмкін. Мысалы, инвестор нақты шығынға ұшыраса да, салық есебінде табыс көрсетіліп, оған салық салынуы ықтимал.

Қағаздардың бастапқы құнын анықтауға ерекше назар аударылған. Ол міндетті түрде құжатпен расталуы керек. Бастапқы құн ретінде сатып алу бағасы, брокерлік комиссия, опцион сыйақылары, сыйға не мұраға алу кезіндегі нарықтық құны, сондай-ақ мүлікті беру кезінде көрсетілген сома есепке алынады. Егер құжатпен дәлелденбесе, бастапқы құн нөлге тең деп есептеледі, бұл салық салынатын базаны ұлғайтады.

Арнайы талаптар жеңілдетілген салық режимі бар юрисдикциялардағы қағаздарға қатысты да белгіленген. Егер қағаздарға құқық немесе мәмілелер осындай елдерде тіркелген болса, онда олардың бастапқы құны Қазақстанда нөлге тең болады. Бұл талап кейбір борыштық құралдарға қолданылмайды.

Цифрлық активтерге де жеке бөлім арналды. Оған криптовалюталар да кіреді. Салық кодексіне цифрлық активтермен мәміледен түсетін табысты реттейтін жаңа бап енгізілді. Мұнда да FIFO принципі қолданылады. Егер актив басқа мүлікке айырбасталса, бірақ сатылмаса – сатылды деп есептелмейді. Туынды қаржы құралдарынан табыс ретінде алынған және жұмсалған активтер арасындағы айырмашылық есепке алынады. Ал офшордан алынған цифрлық активтердің құны да нөлге тең деп есептелуі мүмкін. Барлық есептер мемлекет бекіткен онлайн-ресурстағы деректерге негізделуі тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне қол қойды. жаңа Салық кодексінде салықтық басқаруды жеңілдету көзделген: есеп беру көлемі 30%-ға, салықтар саны 20%-ға қысқарады. Ең маңызды өзгерістердің бірі – ҚҚС 16%-ға дейін жетті.

Айта кетейік, 2024 жылғы қарашада QAMS қауымдастығы жеке инвесторларға салық салуды жетілдіру бойынша ұсыныстарын Парламент пен мемлекеттік органдарға жолдаған. Атап айтқанда, олар шетелдік нарықтағы шығынды сальдолап есепке алуды ұсынған. Алайда, сол кезде Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл ұсыныстарды қабылдамаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз