Сыртқы сауда айналымының қысқаруы теңгеге қысым тудыруы мүмкін

2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға азайып, 53,5 млрд долларды құрады. Сауда айналымының азаюы теңгеге қысым көрсетуі ықтимал. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары жазады.
Экспорт қысқарды, негізгі себеп – шикізат бағасының төмендеуі
Экспорт құрылымында минералды шикізат (минус 2,7 млрд доллар) пен химия өнеркәсібі өнімдерінің (минус 399 млн доллар) үлесі қатты төмендеген. Оған шикізат бағасының арзандауы тікелей әсер етті. Алайда бұл құлдырау ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты есебінен ішінара өтелді. Мал және өсімдік тектес өнімдерді сату көлемі 764 млн долларға артқан.
Сондай-ақ мұнайдың экспорттағы үлесі өткен жылдағы 56,4%-дан 52,9%-ға дейін төмендегенімен, ол әлі де экспорт құрылымында басым сектор болып қалып отыр.
Импорт өсіп жатыр
Импорт құрылымында минералды өнімдер мен көлік құралдарының үлесі артқан. Мәселен, минералдық өнімдер импорты 225,9 млн долларға, көлік құралдары – 187 млн долларға өскен. Бұл өсім инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен, сондай-ақ ішкі өндірістің жеткіліксіз деңгейімен байланысты.
Импортталатын жекелеген тауарлар айтарлықтай қымбаттаған. Мысалы:
- үйге арналған жиһаз – тоннасына 1,8 млн теңге (өсім 1 млн теңге),
- шоколад және какао өнімдері – 2,5 млн теңге (+894 мың теңге),
- тоңазытқыш жабдықтары – 2,6 млн теңге (+262 теңге мың),
- жағармай – 1,9 млн теңге (+208 мың теңге).
Бұл өсім тек сыртқы баға өзгерістеріне ғана емес, сонымен қатар ұлттық валютаның құбылмалылығына байланысты болып отыр.
Инфляция және валюта нарығындағы тәуекелдер
2025 жылдың 6 Қазақстандағы жылдық инфляция 11,8%-ға дейін қарқын алды. Бұл көрсеткіш Ресейде – 9,4%, Еуропалық Одақта – 2,0%, ал Қытайда – небәрі 0,1% болды. Сарапшыладың айтуынша, импорт арқылы ел ішіндегі бағаға, әсіресе Ресейдегі инфляция мен рубльдің теңгеге шаққандағы күрт нығаюы (жыл басынан бері 41%-ға өскен) әсер етіп отыр.
Сонымен қатар логистика шығынының артуы мен кейбір нарықтардағы бәсекенің аздығы да сыртқы инфляцияның ел ішіндегі бағаға әсерін күшейтіп отыр.
Қазіргі сауда жағдайында экспорттың азаюы мен импорттың өсуі – сыртқы сауда профицитінің қысқаруына алып келіп отыр. Бұл өз кезегінде төлем балансына, валюта нарығына және ақша-кредит саясатының қалыпқа келуіне кері әсер етеді.
йИмпорттың инвестициялық және аралық тауарларға ауысуы – импортты алмастыру саясатының шектеулі тиімділігін көрсетеді. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелілігін қайта қарау қажеттігін айқындайды», – деп жазады сарапшылар.
Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін экспорт көлемі 75,5 млрд долларға дейін қысқаруы мүмкін, ал импорт 62,3 млрд долларға дейін артады. Бұл жағдайда сыртқы сауда профициті 2024 жылғы 21,8 млрд доллардан 13,2 млрд долларға дейін (-39,5%) төмендейді.