Жаңалықтар

Жер асты жолымен Өзбекстанға заңсыз жанар-жағармай тасығандар ұсталды

Өзбекстанға заңсыз мұнай өнімдері тасымалданған / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан мен Өзбекстан құқық қорғау органдары жер асты жолымен заңсыз жанар-жағармай өткізумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Қылмыстық топ екі елдің шекарасында ұзындығы 450 метр болатын жерасты туннелін қазып, сол арқылы жанар-жағармай тасымалдаған. Заңсыз әрекет екі ай бойы жалғасқан.

Тергеу барысында контрабандалық схема толық әшкереленді. Топ шетелден қаржы алып отырған. Сонымен қатар логистика мен мұнай өнімдерін шығару да жақсы ұйымдастырылған.

Операция кезінде Өзбекстан тарапы да өз аумағында тиісті шаралар қабылдады. Барлық қатысушы анықталды. Олардың қатарында Өзбекстан азаматтары да бар.

Қазақстан жағынан бес адам күдікті ретінде танылып отыр. Қазіргі таңда тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.

Бұған дейін де қазақ-өзбек шекарасында контрабандалық дәрі тасуға арналған 310 метрлік туннель табылған.