
Қазақстанда шетел азаматтарына көрсетілетін көші-қон қызметтерін біртұтас цифрлық форматқа көшірілмек. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі көші-қон жүйесінде иммигранттар әр кезеңде жеке қатысуға мәжбүр. Мәселен, виза рәсімдеу, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу, түрлі рұқсаттар мен мәртебеге өтініш беру қызметтері жеке-жеке ұсынылады. Мұндай қызметтер саны 10-ға дейін жетеді және олардың барлығы бір деректердің бірнеше мәрте тексерілуімен қатар жүреді.
Мәдиев бұл рәсімдер бірыңғай ақпараттық жүйе болмағандықтан, процес барысында кідірістер мен қателік жиі кездесетінін атап өтті. Сондай-ақ бұл жағдай мемлекеттік органдардың жүктемесін арттырады.
Осыған байланысты министрлік көші-қон жүйесіне реинжиниринг жүргізіп, жаңа цифрлық модельді енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа тәсіл бойынша шетел азаматының сапар мақсаты мен жеке деректері оның Қазақстанға келуіне дейін белгілі болады.
Барлық көші-қон рәсімдері бір цифрлық қызметке біріктіріледі. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы тексеру процестері автоматты түрде жүзеге асады.
Өтініш берушімен жұмыс «бір терезе» қағидаты негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар, көші-қон ағындарын болжауға мүмкіндік беретін аналитикалық база құрылмақ.
Министрлік бұл жаңашылдық көші-қон рәсімдерінің санын 60–70%-ға қысқартады деп болжап отыр. Сондай-ақ ол құжаттарды қарау мерзімін азайтады, процестердің ашықтығын арттырады және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанға қанша шетелдік келді
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға келген шетелдіктер саны 7,5 миллион адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 600 мың адамға артық. Елден кеткендер саны – 7,2 миллион.
Келушілердің 90%-ы – ТМД азаматтары. Бүгінде Қазақстанда 212 мың шетелдік тұрақты тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі Алматы қаласында (42 мың), Алматы облысында (32 мың), сондай-ақ Астана мен Қарағанды облыстарында (17 мың) орналасқан. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 42%-ға артқан.
Сонымен қатар, елімізде 430 мың шетелдік уақытша тұрып жатыр. Олардың 360 мыңы жұмыс істеу мақсатында келген. 17 мыңы отбасымен қосылу үшін, 8 мыңы – білім алу үшін, ал 44 мыңы басқа мақсаттармен (жеке істер, туризм және т.б.) келген.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанға келетін шетел азаматтарының 97%-ы елдің көші-қон заңнамасын сақтап отыр.