Дияс, Рыбакина: теннистен әлем чемпионатына Қазақстан атынан кімдер қатысады

Қазақстан әйелдер теннис құрамасының Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатысатын құрамы белгілі болды. Турнир 16–21 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, ширек финалда қазақстандықтар АҚШ құрамасымен ойнайды. Маңызды кездесу 18 қыркүйек күні өтеді.
Қазақстан сапында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина және Жібек Құламбаева сынды үздік теннисшілер бар. Команданың капитаны — Юрий Щукин.
АҚШ құрамасы да өте тәжірибелі ойыншылардан құралған. Олардың қатарында Джессика Пегула, Мэдисон Киз, Эмма Наварро, Хейли Баптист және Тейлор Таунсенд бар. Команданы аты аңызға айналған теннисші Линдси Дэвенпорт басқарады.
Қазақстан құрамасы бұл турнирдің финалдық кезеңіне тарихта үшінші рет қатыспақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық теннисші Александр Бублик Швейцарияның Гштад қаласындағы ірі турнирде топ жарған еді.