Жаңалықтар

Онлайн махаббат: ІІМ желідегі алаяқтар туралы ескертеді

Онлайн махаббат: ІІМ желідегі алаяқтар туралы ескертеді / фото: polisia.kz

Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтарды интернеттегі алаяқтардан сақ болуға шақырып, романтикалық қатынастар арқылы жасалатын қылмыстардың көбейгенін ескертті.

Мәселен, әлеуметтік желіде өздерін шетелдік ретінде таныстыратын алаяқтар махаббат іздеген адамдарды арбап, олардың сеніміне кіреді. Алғашында жылы сөздер, романтикалық хаттар, кездесу туралы уәделер мен тіпті үйлену жайлы әңгімелер айтылады. Бірақ артынша қиын жағдайға түскендей, көмек сұрауға көшеді.

Астана қаласының тұрғыны интернет арқылы танысқан адамына сеніп, 9 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған.

ІІМ алаяқтардың әрекеттерінен сақ болу үшін мына белгілерге назар аударуға кеңес береді:

  • Тым тез айтылатын махаббат туралы сөздер;
  • Видеоқоңырау немесе кездесуден бас тарту;
  • Өзіне аяушылық тудыру үшін қиын өмірлік жағдайлар жайлы айту;
  • Ақша аударуға, құжат не бағалы заттар жіберуге өтініш жасау.

«Бейтаныс адамдарға сеніп, ақша аударудан аулақ болыңыздар. Ақпаратты тексеріп отырыңыздар. Күмәнді жағдай туындаса, бірден 102 нөміріне хабарласыңыздар», — делінген ведомство хабарламасында.