Алматыда Денис Тен атындағы көше пайда болады
Жарияланды

Алматыда ресми атауы жоқ 156 көшеге жаңа атау берілмек. Бұл туралы ұсынысты қала әкімдігі дайындап, мәслихаттың қарауына жолдаған деп жазады Krisha.kz
Ұсынылған атаулар қатарында мәдениетке, өнерге және тарихқа елеулі үлес қосқан танымал тұлғалардың есімдері бар. Мәселен, Бостандық ауданындағы көшелердің біріне 2018 жылы қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімін беруді ұсынған.
Сондай-ақ көшелерге мынадай тұлғалардың есімдері берілуі мүмкін:
- Хо Ши Мин – вьетнамдық революционер әрі саяси қайраткер,
- Наталья Сац – әлемдегі алғашқы балаларға арналған музыкалық театрдың негізін қалаушы,
- Абдуәли Қайдаров – қазақ тілін зерттеген танымал түркітанушы, ғалым.
Бұдан бөлек, Алматыда Мұнара,Сарқырама, Құлын, Абыз, Сұңқар, Құдірет деген көшелер пайда болуы мүмкін.
Көше атауларын бекіту мәселесі тұрғындармен талқыланып, мәслихат депутаттарының қарауынан кейін сессияға шығарылып, соңғы шешім қабылданады.