
«Отбасы банктің» ипотека нарығындағы үлесі 55%-ды құрайды. Бұл жайлы банктің баспасөз хабарламасында жазылған. Ол үш жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 10% аз, яғни «Отбасы банктің» нарықтағы үлесі азайып жатқанының көрінісі.
2021 жылы «Отбасы банк» үлесі 66%, 2022 жылы 64%, 2023 жылы 60%, ал 2024 жылы 55%-ды құраған.
Осыған дейінгі Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылары нарықта екінші деңгейлі банктердің үлесі артқанын жариялаған еді. Банктердің нарықтағы ипотека өнімдерінің үлесі 2024 жылғы 31%-дан 2025 жылы 36%-ға дейін өсті. Бұл – соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Ал осы жылдың басынан бері жаңа ипотекалық несиелердің көлемі 5,7%-ға төмендеп, 390 млрд теңгені құрады (2024 жылғы ұқсас кезеңде – 413 млрд теңге). Бұл – нарық көлемінің азайып жатқанының белгісі. Сарапшылардың сөзінше, нарықтың төмендеуіне «Отбасы банкінің» белсенділігінің азаюы ықпал еткен.
Отбасы банк арқылы 3,2 млн қазақстандық депозит жинайды
Осы жылдың шілдесіндегі есеп бойынша, «Отбасы банк» арқылы баспанасына ақша жинаған қазақстандықтар саны 3,2 млн теңгені құрайды. 2025 жылдың алғашқы 6 айында депозиттерге түскен қаражат көлемі – 616 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39%-ға жоғары.
«Банк клиенттерінің жинақ шоттарында 2,5 трлн теңге бар. Біз олардың сенімін сақтап қана қоймай, арттыра түсеміз. Нәтижесінде жұмыс істейтін әрбір үшінші қазақстандық болашақта қолжетімді шарттармен өз баспанасын сатып алу үшін Отбасы банкін таңдап отыр», – деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «Отбасы банктің» ұлттық валютадағы эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингін «BBB» деңгейінде растады. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты».
Қазір «Отбасы банк» екінші деңгейлі банктер арасында активтер көлемі бойынша бесінші, ал меншікті капитал бойынша төртінші орында тұр.
Осыған дейін депутаттар тұрғын үй жинақ нарығына тек «Отбасы банк» емес, коммерциялық банктерді де қатысу керек деген ұсыныс айтқан еді.