Мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамыту стратегиясы бекітілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Үкіметі 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамытудың ұзақмерзімді тұжырымдамасын бекітті. Бұл жайлы энергетика министрлігінен хабарлады.

Жаңа құжат инфрақұрылымды жаңғыртуға, экспортты кеңейтуге және тұрақты тәжірибелерді енгізуге инвестиция салуды көздейді. Бұл елдің Орталық және Оңтүстік Азия нарығында позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, қайта өңделетін мұнай көлемін жылына 18 миллион тоннадан 39 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Оған қол жеткізу үшін мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және жаңа мұнай-химия кешенін салу жоспарланған. Мұндай ауқымды өзгерістер саланың құрылымын түбегейлі өзгертіп, өндірілген және қайта өңделген мұнай арасындағы теңгерімді жақсартуға, сондай-ақ өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Стратегияның негізгі басымдықтары:

  • Урбанизация мен өнеркәсіптің дамуына байланысты мұнай өнімдеріне сұраныс жыл сайын 1,5–2% өседі деген болжам бар
  • Қытай, Үндістан және Орталық Азия елдеріне бағытталған экспортты ұлғайту жоспарланған. 2040 жылға қарай экспорттың жалпы өндірістегі үлесін 30%-ға дейін жеткізу мақсаты қойылған.
  • Полимерлер мен тыңайтқыштар өндірісі сияқты жаңа өндірістік тізбектер құру арқылы салада мұнай-газ химиясын дамыту көзделеді. Бұл бағытта алдын ала бағалау бойынша 5 млрд долларға дейін инвестиция тарту жоспарланды.
  • Саланың құқықтық базасын жетілдіру және білікті кадрлар даярлау маңызды бағыт ретінде белгіленген. Бұл ретте халықаралық компаниялармен серіктестік орнатып, озық технологиялармен алмасу көзделіп отыр.

Тұжырымдаманы әзірлеуге мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «KAZENERGY» қауымдастығы және салалық сарапшылар қатысқан.

Аталмыш құжат Қазақстанның мұнай қоры 30 миллиард баррель екендігін қаперге ала отырып, шетелдік инвестициялар мен серіктестерді тартуға жол ашады. 2025 жылы мұнай өңдеу зауыттарын цифрландыру бойынша пилоттық жоба ретінде іске қосылады.

Сондай-ақ оқыңыз