Qazaq Air Астана-Самарқан бағытындағы транзитті рейс ашады

Qazaq Air (VietJet Qazaqstan) әуе компаниясы Түркістан – Самарқан бағытындағы рейстерді 25 қазанға дейін ұзартты.
«1 қыркүйектен бастап рейстер жаңартылған кесте бойынша орындалып, жолаушыларға сапарларын жоспарлау кезінде бұрынғыдан да жайлы әрі ыңғайлы жағдай жасалады», – деп хабарлады әуе компаниясы.
Осылайша, жұма және жексенбі күндері Түркістаннан ұшу уақыты – 12:45, Самарқанға келу – 14:15, ал кері бағытта ұшу – 15:05, Түркістанға келу – 16:30 болып белгіленген.
Бір бағыттағы билет құны – 14 мың теңгеден басталады.
Сондай-ақ Астана – Самарқан бағыты бойынша Түркістан арқылы транзиттік маршрут қарастырылған: ұшу – 09:30, келу – 14:15, кері бағытта Самарқан – Астана рейсі де Түркістан арқылы жүзеге асырылады – ұшу уақыты 15:05, келу уақыты 19:20.
Бұл бағыттағы бір жаққа билет бағасы – 41 мың теңгеден басталады.
Еске салайық, VietJet Qazaqstan (Qazaq Air) әуе компаниясы қол жүгінің өлшемін ұлғайтты. Енді жолаушылар ұшақ салонына өздерімен бірге бұрынғыдан көбірек зат ала алады. Қол жүгінің өлшемі 56 × 36 × 23 см болып өзгерді (бұрынғысы – 40 × 25 × 20 см).