
2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы номиналды жалақы 423,1 мың теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға жоғары деп хабарлайды ұлттық статистика бюросынан.
Орташа айлық жалақысы 600 мың теңгеден асатын өңірлер – Атырау облысы (634,2 мың теңге) мен Маңғыстау облысы (621,3 мың теңге). Улытау облысында бұл көрсеткіш сәл төмен – 599 мың теңге.
Ал ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан (300,1 мың теңге), Жетісу (308,4 мың теңге) және Жамбыл (308,9 мың теңге) облыстарында тіркелген.
Нақты жалақы индексі 101,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш – инфляцияны ескере отырып, жалақының сатып алу қабілетін қаншалықты өзгергенін көрсететін экономикалық индикатор.
Еліміз бойынша нақты жалақы индексі 1,2%-ға өссе де, 20 өңірдің алтауында төмендеген. Бұл – сол өңірлердегі жалақының тауарлар мен қызметтердің бұрынғы көлемін қамтамасыз ете алмай қалғанын білдіреді. Мұндай жағдай тіркелген облыстар: Батыс Қазақстан (–5,2%), Атырау (–3,9%), Шығыс Қазақстан (–1,9%), Қызылорда (–1,2%), Ақмола (–1,1%) және Маңғыстау (–0,8%).
Айта кетейік, осы айда үкімет су саласында істейтін мамандардың жалақысын 50%-ға көтеретінін хабарлады. Еңбекақы шілдеден бастап өседі.