
Қытайда пранк жасаған блогер Қазақстанға келген соң елдегі полицейлер шақырып, профилактикалық әңгіме өткізді. Аружан Айбекова есімді бойжеткен өз әрекеті үшін кешірім сұрады.
Блогер Қытайға сапары кезінде көшедегі тұрғындарға түрлі пранк ұйымдастырды. Бірінде кетіп бара жатқан бейтаныстың телефонын алып екіншісінің қалтасына салып, оны ұрлықшы етіп көрсетпекші болады. Ал екінші видеода бейтаныс ер адамдарға жақындап, күтпеген жерден қолынан ұстайды. Осылайша олардың реакияларын тексермекші болған.
«Менің біреуді жәбірлейін деген ойым болған жоқ. Бұл ойланбай жасаған әрекет болды. Барлығынан кешірім сұраймын. Енді контент жариялағанда барынша ұқыптылықпен қарайтын боламын», – деді ол.
Айбекованың видеоларына қытайлықтар шағым түсірген соң ел аумағында бұғатталып, өшірілген еді. Кейін өзі де әлеуметтік желідегі пранк түсірген бейнежазбаларын өшірді.
Бұған дейін тазалық қызметкерлеріне орынсыз пранк жасаған азамат 10 күнге қамалған. Полиция оның әрекетін еңбек адамын құрметтемей, қорлық көрсетті деп бағалады.