Трамп ЮНЕСКО құрамынан шығатынын мәлімдеді

АҚШ Президенті Дональд Трамп елдің ЮНЕСКО құрамынан шығатынын мәлімдеді. Ол шешімін ұйым қызметіндегі антиамерикалық бағыттың болуымен түсіндірді. Бұл туралы Ақ үй өкілдері хабарлады.
The New York Post басылымының мәліметінше, Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли ЮНЕСКО-ның ұстанып отырған кейбір мәдени және әлеуметтік бастамалары даулы әрі арандатушылық сипатта екенін айтқан. Әрі қазіргі АҚШ әкімшілігінің саясатына қайшы келеді деп мәлімдеген.
Оның сөзінше, Трамп 2024 жылдың ақпанында АҚШ-тың ЮНЕСКО-дағы мүшелігіне үш айлық талдау жүргізуді тапсырған. Тексеріс барысында ұйым қызметкерлері мен құрылымындағы антисемитизм мен Израильге қарсы көзқарастардың бар-жоғына ерекше назар аударылған.
Нәтижесінде АҚШ әкімшілігі ЮНЕСКО-ның әртүрлілік, теңдік және инклюзия бағытындағы ұстанымдарымен келіспейтінін, сондай-ақ ұйым қызметінде палестиналық және қытайлық мүдделерді жақтаушы элементтер бар екенін мәлімдеді. Анна Келлидің айтуынша, Дональд Трамп ұлттық мүддені әрдайым бірінші орынға қояды және АҚШ-тың халықаралық ұйымдарға мүшелігі елдің стратегиялық басымдықтарына сай болуын қалайды. Осы себепті ол елді ЮНЕСКО құрамынан шығару туралы шешім қабылдады.
ЮНЕСКО — Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (UNESCO – United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization). 1945 жылы құрылған. 2025 жылғы жағдай бойынша ЮНЕСКО құрамында 194 мүше мемлекет және 12 қауымдастырылған мүшесі бар.