Жаңалықтар

Жол салатындарға талап күшейеді

Фото: shutterstock

Жол құрылысы сапасына жауапты техникалық және авторлық қадағалаудың жауапкершілігі күшейтілді. Тіпті оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуы да мүмкін. Бұл жайлы көлік министрлігінен хабарлайды.

Енді автожолдардың құрылысы мен жөндеуін қадағалайтын ұйымдар жол құрылысы саласындағы кәсіби мамандарды штатқа алуға міндетті. Бұған дейін аккредитация алу кезінде бұл талап міндетті болып саналмаған.

Сонымен қатар, қадағалаушы мамандардың құқықтық жауапкершілігі де күшейтілді. Енді техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілді. Бұл дегеніміз – егер қызметін тиісінше орындамаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген сөз.

«Жаңа өзгеріс бақылау сапасын арттыруға және жол жөндеу жұмыстарының қолданыстағы нормативтер мен стандарттарға сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған», – деп хабарлайды министрліктен.

Еске салайық, осы айда жол материалдарын сынау нормаларын бұзған зертханаға айыппұл салынған еді. Кәсіпорын 3 656 760 теңге көлемінде айыппұл төлейді, аккредиттеу аттестатының қолданылуы 6 ай мерзімге тоқтатылды.