Балалар үйіндегі қақтығысты президент әкімшілігі тексереді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің хабарлауынша, президент әкімшілігінің өкілдері Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан №1 балалар үйіне бара жатыр.
Саясаткердің мәлімдеуінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Президент әкімшілігі кешегі оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізуді бастады. Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары және ішкі саясат бөлімінің қызметкері аймаққа жол жүріп кетті», – деп жазды Қарин.
Естеріңізге сала кетейік, 21 шілдеде Алматыдағы Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан балалар үйінің тәрбиеленушілерін полиция күшпен көшіруге тырысты.
Балалар Заречный ауылына көшуге қарсы шығып, ғимарат алдында қақтығыс болды. БАҚ өкілдері мен куәгерлер түсірген видеолардан полиция қызметкерлері оларды автобусқа күштеп отырғызу барысында күш қолдануға дейін барғанын көруге болады.
Артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетімдерді Бағанашылда қалдыруды тапсырды. Балалар үйі төңірегіндегі шу содан кейін ғана басылды. Алайда көпшілік әлеуметтік желілерде полиция әрекеті мен Алматы облысы әкімдігінің шешімін сынады.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қызметтен алуды талап етті.
Әкімдік ескі ғимараттың жағдайы сын көтермейтінін айтады. Дегенмен Аружан Саин, Анна Чернова сынды белсенділер Бағанашылдағы жер теліміне элиталық тұрғын үй кешенін салу жоспары бар екенін айтып, дабыл қаққан. Бұл істе экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваның есімі де аталған.
Жаңа балалар үйі Қонаев қаласынан 20 шақырым жердегі Заречный ауылында орналасады. Жаңа ғимарат заман талабына сай, кең әрі ыңғайлы деп сипатталған. Алайда жастар ол жерде түрме мен батпақтың жанында өмір сүруге мәжбүр боламыз деп алаңдайды.