Банк пен қаржы

Қазақстанның алтын қоры – 52,8 млрд доллар

Құрылғанына 10 жылдан асқан "Тау-Кен Алтын" зауыты ҰБ-ға 252 тонна алтын сатты / фото: shutterstock
Құрылғанына 10 жылдан асқан «Тау-Кен Алтын» зауыты ҰБ-ға 252 тонна алтын сатты / фото: shutterstock

Ұлттық банк 2014 жылдан бері «Тау-Кен Алтын» зауытынан 252 тонна алтын сатып алды. Ал Қазақстан алтын қорының көлемі 52,8 млрд долларға жетті. Үкімет отырысында осындай мәлімет айтылды.

«Тау-Кен Самұрық» басқарма төрағасы Нариман Әбсеметовтің айтуынша, 900 млрд теңге активі бар компанияға «Тау-Кен Алтын» зауыты, Жосабай, Қаратас, Ақбұлақ, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орнындарын игеру жобалары кіреді. Бұдан бөлек, компания инвестиция тартумен де айналысады.

Компания мақсаты – елдің алтын қорын толтыру ғана емес, сирек кездесетін металдарды өндіру жобаларын дамыту.

«Тау-Кен Алтын» зауыты 2014 жылы іске қосылған. Соның арқасында екі жылдан кейін Қазақстанда алтын өндірісі екі есе артты. Осы уақытқа дейін 252 тонна алтын өндірілді. 2024 жылы зауыт 34 тонна алтын өндірді. Салыстырар болсақ, он жыл бұрын зауыт бар болғаны 6,3 тонна алтын шығарған.

Қазір «Тау-Кен Алтын» елдің аффинаж алтын нарығының 46%-ын алып отыр. «Қазмырыш» – 42%, «Қазақмыс»- 12%.

2025 жылғы 30 маусымдағы мәлімет бойынша, Қазақстан алтын қорының көлемі – 52,8 млрд доллар. Соның 62%-ы, яғни 32,9 млрд доллары алтыннан тұрады.

Әбсеметовтің айтуынша, қазір 41 компания «Тау-Кен Алтынға» шикізат жеткізеді. Олардың арасында «Алтын Алмас», Solidcore Resources, RG Gold секілді компаниялар бар.

Зауытта өндірілген алтынның бәрін Ұлттық банк сатып алады. Ол соның есебінен республиканың алтын-валюта қорын толтырып отырады.

Үкімет алтын өндірісін кеңейтуді қолға алған. Сол үшін 21 кен орнын барлау бірлескен кәсіпорыны құрылған. Жалпы жер қыртысын барлау жұмыстарына 72 млрд теңге инвестиция құйылған. Сегіз кен орны барланып, мемлекет балансына алынған. Бұған қоса, «Қаратас» жобасына 5 млрд теңге, «Жосабайға» 2,1 млрд теңге инвестиция салынған. Мұнда бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр.