
Владимир Путин соғыс кезінде қудалауды күшейткен тұста, Ресейде Сталин қайта дәріптеліп жатыр. Мәскеудегі метрода оның ескерткіші жаңартылды, ал Волгоград әуежайы Сталинград болып өзгерді. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Агенттік Мәскеу қаласындағы «Таганская» метро станциясында күнде мыңдаған жолаушы Сталиннің қайта жөнделген ескерткіші алдынан өтетініне мән берді. Бұл уақытта Ресей президенті Владимир Путин репрессияны күшейтіп жатыр, ал Украинаға қарсы соғыс төртінші жылға созылып барады. Енді Иосиф Сталин миллиондаған азаматтың өміріне жауапты совет диктаторы емес, Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңімпаз көсемі ретінде қайта оралып жатыр, деп жазды Bloomberg.
Ресей коммунистік партиясы парламенттегі екінші ірі саяси күш. Ол шілде айында Сталинді толық ақтап шығуға дауыс берді. 2025 жылғы мамыр айында Мәскеу қаласындағы метро станциясында ашылған есерткіште Сталиннің айналасында гүл ұстаған балалар көп. Соған қарағанда, олар диктаторға құрметін осылай білдіріп жатқан сыңайлы.
Бұл уақытта Кремль совет заманында кеңінен қолданылған цензура мен түрмеге жабу әдісіне қайта-қайта жүгінумен әлек. Оның мақсаты – еркін ойлы азаматтарды басып-жаншып, Ресей қоғамын Путин мен соғыс үшін біріктіру. Сауалнама осы әдістің өміршеңдігін көрсетті, деп атап өтті Bloomberg.

«Левада» орталығының биыл маусым айында жүргізген зерттеуіне қарағанда, ресейліктердің 70%-ы ел бағыты дұрыс деп есептесе, 17%-ы ғана қарсы шыққан. Путинді мақұлдау рейтингі – 86%.
Жеке басқа табыну мен Сталин мұрасын дәріптеуден 1960-жылдары совет саясаткерлері бас тартқан. Ал 2025 жылғы 29 сәуірде Путин Волгоград әуежайын Сталинград деп өзгерту туралы қаулыға қол қойды. Өңір губернаторының айтуынша, соғыс ардагерлері, оның ішінде Украинадағы соғысқа қатысқандар да осындай өтініш жасаған.