
АҚШ президенті Дональд Трамп «қажет болып жатса», Иранның ядролық нысандарын тағы да атқылауға уәде берді. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне жазды.
Құрама Штаттар президенті Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің ядролық нысандар туралы мәлімдемесіне осылай деп жауап берді. 21 шілдеде министр Fox News телеарнасына сұхбат беріп, елде уран байыту жұмысы тоқтап тұрғанын айтқан. Себебі, министрдің сөзінше, елдің ядролық нысандары «аса күрделі, ауыр» зақымданған.
Алайда Иран уран байыту ісінен бас тартқысы жоқ. Өйткені бұл мемлекеттің «ұлттық мақтаныш мәселесіне» айналып үлгерді.
«Әлбетте, мен қалай айттым, солай болды. Қажет болса, тағы қайталай аламыз», – деп жазды Трамп.
Осыдан тура бір ай бұрын – 22 маусымда АҚШ Израиль мен Иран арасындағы әскери жанжалға араласып, Иранның Исфахан, Фордо және Нетенздегі ядролық нысандарын атқылады. Тегеран Құрама Штаттардың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери нысанына соққы жасады. 12 күнге созылған жанжал Израиль мен Иранның атысты доғару жөніндегі келісімімен аяқталды.
Трамптың пікірінше, соққы нәтижесінде Иранның ядролық бағдарламасы жойылды. Алайда президенттің сөзімен америкалық барлау қызметі келіспейді.
Бұған дейін Kursiv.Media Иранның Фордодағы ядролық нысаны таудың арасында, жер астында орналасқаны туралы жазған. Аса құпия, сырт көзден таса жерде орналасқан кешен туралы әлемдік қауымдастық 2009 жылы ғана білді. Фордо Иранның қасиетті Құм қаласына жақын маңда, Тегераннан оңтүстікке қарай шамамен 150 шақырым жерде орналасқан.