Жаңалықтар

Үкімет шетелде тұратын қазақтар туралы мәлімет жинап жатыр

Шетелдегі қазақтар туралы мәлімет жинауға мекемелер, қорлар және диаспора көмектеседі / ЖИ көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор Дастан Шанай
Шетелдегі қазақтар туралы мәлімет жинауға мекемелер, қорлар және диаспора көмектеседі / ЖИ көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор Дастан Шанай

Қазақстан үкіметі шетелде тұратын қазақтардың бірыңғай тізімін дайындауды көздейді. Бұл туралы Үкіметтің жиналысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазақтар туралы тізім цифрлы Migration.enbek.kz көші-қон платформасының бір бөлігіне айналады.

«Шетелдегі мекемелер, «Отандастар» қоры, сонымен бірге түрлі диаспоралар көмегімен, Migration.enbek.kz көші-қон платформасы аясында, шетелде тұратын қазақтардың тізімі дайындалады», – деді Жақыпова.

Мұндай жүйе шетелдегі этникалық қазақтармен қарым-қатынас орнатуға, тарихи отанына қайтып оралғысы келетіндерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Осы бастама елдің көші-қон саясатын реформалау жөніндегі ұсыныстарға кіреді. Этникалық репатриация институтын дамыту аясында еңбек министрлігі қандас мәртебесі мен оны қолдау жұмыстарын қайта қарамақ.

Сонымен бірге «Қандас» цифрлы платформасын іске қосу жоспарда бар. Шетелден көшіп келген қазақтарды жерсіндіруге бағытталған шаралар көбейеді. Баспана мәселесінен бастап, тіл үйрену курстары, жаңа білік үйрету орындары ашылады. Олардың жергілікті халықпен етене жақындасып кетуі бақыланады.

Көші-қон саласында атқарылатын жұмыстарды үйлестіріп отыратын арнайы дамыту орталығы құрылады. Министрліктің мәліметінше, оның жұмысына бюджеттен қосымша шығын шықпайды.

Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанда қандас мәртебесін алғысы келетіндер генетика сараптамасынан, қазақ тілі мен дәстүрін қаншалықты білетіні туралы сынақтан өтетінін жазған. Еңбек министрлігі мұндай тәртіпті ұлты қазақ екенін дәлелдейтін құжат болмаған уақытта қолданады.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 151 мыңнан астам этникалық қазақ оралған. Ал биыл жазда шетелде тұратын 150 қазақ баласы Бурабайда демалып, тіл мен салт-дәстүрді үйренді.

Бір күн бұрын қандастарды алдаған мемлекет қызметкерлері сотталғаны мәлім болған.